Баланың дамуы: ата-аналар қандай белгілерге назар аударуы керек?

181
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/n5u8gau4mrhMBNnBCJUruBxccwzg9tIbdeol6KKg.jpg
Фото: Magnific.com
Баланың дүниеге келген сәтінен бастап оның физикалық, психикалық және әлеуметтік дамуы біртіндеп қалыптасады. Алғашқы күлімсіреу, дыбысқа жауап беру, басын ұстау, отыру, еңбектеу, жүру және сөйлеу – баланың өсу жолындағы маңызды кезеңдер. Алайда әр баланың даму қарқыны әртүрлі болғандықтан, ата-аналар баласының жасына сәйкес дағдыларының қалыптасуына ерекше назар аударуы қажет. Алматы қалалық №29 емханасының педиатры Фариза Үсенова баланың даму ерекшеліктері, ата-аналар назар аударуы тиіс белгілер және дәрігерге уақытылы қаралудың маңызы туралы айтып берді.
Баланың дамуы қалай бағаланады?
Баланың дамуы бірнеше негізгі бағыт бойынша бағаланады. Олардың қатарына қимыл-қозғалыс дағдылары, сөйлеу қабілеті, ойлау және танымдық белсенділігі, сондай-ақ қоршаған ортамен қарым-қатынасы жатады.
Өмірінің алғашқы айларында нәресте ата-анасының дауысына назар аударып, дыбыстарға жауап бере бастайды. Кейін басын ұстау, аунау, отыру, еңбектеу және алғашқы қадамдарын жасау сияқты дағдылар қалыптасады. Сөйлеу қабілеті де біртіндеп дамып, былдырлаудан алғашқы сөздерге, кейін қарапайым сөйлемдерге ұласады.
«Баланың дамуын тек бойы мен салмағына қарап бағалау жеткіліксіз. Оның қимыл-қозғалысына, сөйлеуіне, қоршаған ортамен байланысына және жасына сай дағдыларына да назар аудару қажет», – дейді педиатр Фариза Үсенова.
Қандай белгілерге назар аудару керек?
Ата-аналар баласының күнделікті мінез-құлқы мен жаңа дағдыларды меңгеру барысын бақылап отырғаны жөн. Мынадай белгілер байқалса, педиатрмен кеңесу қажет:
• баланың қатты дыбыстарға немесе өз есіміне жауап бермеуі;
• көзге сирек қарауы және адамдармен қарым-қатынасқа қызығушылық танытпауы;
• жасына сәйкес дыбыстар шығармауы немесе сөйлеу дағдыларының кеш қалыптасуы;
• қимыл-қозғалыс дағдыларының кешігуі;
• ойыншықтар мен қоршаған ортаға қызығушылығының төмен болуы;
• бұрын меңгерген дағдыларын жоғалтуы.
Әсіресе, баланың бұрын қалыптасқан дағдыларынан айырылуы ерекше назар аударуды қажет етеді. Мұндай жағдайда медициналық маманға мүмкіндігінше тезірек жүгінген дұрыс.
«Егер ата-ана баласының дамуында қандай да бір ерекшелікті байқаса, оны елемеуге болмайды. Баланың өз қатарластарынан кейбір дағдыларды кеш меңгеруі әрдайым мәселе бар дегенді білдірмейді. Дегенмен мұны маманмен бірге бағалау маңызды», – деді дәрігер.
Ата-аналар нені ескеруі керек?
Баланың дұрыс дамуына қолайлы орта қалыптастыру маңызды. Ата-аналар баламен жиі сөйлесіп, бірге ойнап, кітап оқып, оның қоршаған ортаны танып-білуіне мүмкіндік жасауы қажет.
Сондай-ақ баланың профилактикалық тексерулерден уақытылы өтуі маңызды. Педиатр қабылдау барысында баланың бойы мен салмағын, жасына сәйкес даму көрсеткіштерін бағалап, қажет болған жағдайда қосымша тексерулерге немесе бейінді мамандарға жолдама береді.
Баланың даму қарқыны әртүрлі болуы мүмкін. Сондықтан оны басқа балалармен салыстырудың орнына, жеке ерекшеліктерін ескеріп, өзгерістерін жүйелі бақылаған жөн.
Ерте анықтау – уақытылы көмектің негізі
Баланың дамуындағы ерекшеліктерді ерте байқау қажетті медициналық және түзету көмегін уақытылы ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Ата-ананың алаңдаушылығын елемей, «өсе келе өзі түзеледі» деп күтудің орнына, маман кеңесіне жүгінгені дұрыс.
«Баланың денсаулығы мен дамуына қатысты сұрақтар туындаса, ата-аналар педиатрға қаралудан тартынбауы керек. Уақытылы бақылау мен қажетті көмектің көрсетілуі баланың болашақтағы дамуы үшін өте маңызды», – деп түйіндеді Фариза Үсенова.
Алматы қалалық №29 емханасының мамандары ата-аналарды балалардың денсаулығын тұрақты бақылауға, профилактикалық қабылдауларды өткізіп алмауға және дамуындағы кез келген өзгеріске мұқият қарауға шақырады.
评论
其他材料