Ресейге тәуелділікті азайту үшін.  Тәжікстан жанармай импортын жеңілдетті

207
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/NSytgEUoWJofqvGuOMRja1UP2bxE5HokfHpKLOIl.webp

Cурет: ЖИ

Тәжікстан үкіметі 2026 жылдың соңына дейін ТМД еркін сауда аймағына кірмейтін елдерден әкелінетін бензин, дизель отыны, сұйытылған газ және өзге де мұнай өнімдеріне салынатын кедендік баж салығын нөлге түсірді. Бұл шешім Иран, Түркіменстан және Әзербайжаннан жанармайды жеңілдетілген шарттармен импорттауға мүмкіндік береді, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі  «Азия-Плюс» басылымына сілтеме жасап.

Тиісті №744 қаулы 10 қарашада қабылданып, 13 қарашада «Джумхурият» ресми газетінде жарияланған. Кедендік баждың нөлдік мөлшерлемесі 31 желтоқсанға дейін күшінде болады. Ол сұйытылған газды қоса алғанда, мұнай өнімдері мен мұнай газдарына қолданылады. Алайда шикі мұнай бұл құжаттың аясынан тыс қалған.

Ресей, Қазақстан және ТМД еркін сауда аймағына кіретін өзге де мемлекеттерден әкелінетін өнімдерге нөлдік кедендік баж салығы бұған дейін де қолданылған. Ал жаңа жеңілдік балама жеткізушілерден жанармай сатып алуды жеңілдетіп, Тәжікстанның Ресей импортына тәуелділігін азайтуды көздейді.

Монополияға қарсы қызметтің мәліметінше, 2026 жылдың алғашқы жартысында республика 494,7 миллион долларға 599,5 мың тонна мұнай өнімдерін импорттаған. Оның 91 пайызы Ресейге тиесілі. Беларусь жеткізілімнің 2,8 пайызын, Түркіменстан 1,9 пайызын, Қазақстан 1 пайызын қамтамасыз еткен. Ал Өзбекстан мен Қырғызстанның үлесі 0,9 пайыздан болған.

Жазда Ресейден келетін жеткізілімдердің іркілуіне байланысты республикада жанармай тапшылығы туындады. Шілде айында Душанбе қаласындағы кейбір жанармай құю бекеттерінде дизель отынын бір көлікке 20 литрден артық сатуға шектеу қойылды. Тамыз айының соңына қарай дизель отыны маусымның басымен салыстырғанда 50 пайызға, ал АИ-92 маркалы бензин шамамен 25 пайызға қымбаттады.

Сонымен қатар тамызда Ресейден жеткізілген дизель отынының көлемі шілдедегі 16 мың тоннадан 56 мың тоннаға дейін өсті. Бұл жағдайды біршама тұрақтандыруға мүмкіндік берді.

Ішкі нарықты жанармаймен қамтамасыз етудегі қиындықтарға байланысты Душанбе балама жеткізушілерді іздей бастады. Тамыз айында Тәжікстан Иранға мұнай мен мұнай өнімдерін ірі көлемде жеткізу туралы ұсыныс жасап, айдың соңында осы елден импорт басталды. Алайда келіссөздерде қарастырылған көлемнің едәуір бөлігін құрайтын шикі мұнай жаңа кедендік жеңілдікке жатпайды.

Тәжікстан бұған дейін де елді жанармаймен қамтамасыз ету үшін кедендік жеңілдіктерді пайдаланған.

«Ферғана» басылымының жазуынша, 2025 жылдың сәуірінде үкімет мемлекеттік резервтер үшін 100 мың тоннаға дейін бензин мен дәл осынша көлемде дизель отынын баж салығынсыз импорттауға рұқсат берген. Сонымен қатар қосылған құн салығы мен акциз мөлшерлемелерін 50 пайызға төмендету көзделген.

评论
其他材料