Дүниежүзілік әжетхана күні. Трамп, Си Цзиньпин және Путин 19 қарашада бас қосады

219
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/dee434dbSHISLezInCaxIQNrYW6VgLAFdA05eMLH.jpg

Ресей президенті Владимир Путин мен АҚШ президенті Дональд Трамптың Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзиньпинмен кездесуі 19 қарашада Шэньчжэнь қаласында өтеді. Бұл туралы Ақ үй жариялаған АҚШ президентінің жұмыс кестесінде көрсетілген, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Үшжақты саммит Kylin Villa қонақүй кешенінде өтеді деп жоспарланған. Келіссөздер жергілікті уақыт бойынша сағат 14:30-да (Астана уақытымен 11:30 – ред.) басталады.

Бұған дейін Азия-Тынық мұхиты экономикалық ынтымақтастығы саммиті аясында өтетін Путин, Трамп және Си Цзиньпиннің кездесуінде ядролық қару мәселесі негізгі тақырыптардың бірі болатыны хабарланған еді.

Қытайдың South China Morning Post басылымының мәліметінше, Украинадағы қақтығыс пен Корей түбегін ядролық қарусыздандыру мәселелері көшбасшылар кездесуінде талқылануы мүмкін тақырыптар тізімінен іс жүзінде алынып тасталған.

Газет дереккөздерінің айтуынша, тараптар ортақ келісімге келе алатын бағыттарға басымдық беріп отыр. Атап айтқанда, үш елдің басшылары ядролық арсеналдарды басқару жүйелерінде жасанды интеллектіні пайдалануды бақылау мәселесі бойынша келісімге келуі мүмкін.

Көпті күпті қылған кездесу өтетін күн қызықты бір датамен сәйкес келіп отыр.

Әдетте 19 қараша БҰҰ бастамасымен Дүниежүзілік дәретхана күні ретінде атап өтіледі. Бұл атаулы күн 2001 жылдың қарашасында Сингапурда нашар санитария мәселелеріне арналған халықаралық конференцияда жарияланған. 2026 жылғы Дүниежүзілік дәретхана күні санитария мен гендерлік теңдікке бағытталған. «Қауіпсіз дәретханалар. Тең мүмкіндіктер» ұранымен өтетін науқан қауіпсіз санитарияның әйелдер мен қыздардың денсаулығын, физикалық қауіпсіздігін, қадір-қасиетін және мүмкіндіктерін қалай қорғайтынын, оларға білім алуға, жұмыс істеуге және қоғамға толыққанды қатысуға мүмкіндік беретінін көрсетеді.

评论