Шабуылдан кейін. Эстония Ресеймен шекарадағы барлық бекетін жаппақ

273
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/Ju73kFin2LZ6s3IttNjLLxW091Aw2EustA0pVNiu.jpg

Эстония билігі дрондар өндірілетін кәсіпорынды өртеуге жасалған әрекетке байланысты 1 желтоқсаннан бастап Ресеймен шекараны толық жабуды жоспарлап отыр. Эстония құқық қорғау органдарының нұсқасы бойынша, бұл әрекеттің артында Ресейдің арнайы қызметтері тұр. Ал Мәскеу шекараны жабу жоспарын «русофобияның» көрінісі деп атады, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі BBC-ге сілтеме жасап.

15 қарашада Эстония премьер-министрі Кристен Михал Ресеймен шекарадағы барлық өткізу бекетін жабу жоспарын жариялады. Ол үкіметті сенбі күні эстондық Threod Systems компаниясының ғимаратын өртеуге жасалған әрекетке байланысты «барлық қажетті шараны қабылдауға» шақырды. Аталған компания соққы беретін және барлау жүргізетін ұшқышсыз ұшу аппараттарын өндіреді.

Михал бұл оқиғаны «Ресей арнайы қызметтерінің кезекті диверсиялық әрекеті» деп атады.

«Егер Ресей Эстония аумағында гибридті операцияларын жалғастырса және ресейлік арнайы қызметтердің адамдарға ықпал ету үшін шекаралық өткізу бекеттерін пайдаланып жатқанын білсек, біз өзімізге төнетін қауіп-қатерді азайтуға дайын болуымыз керек. Шекараны жабу Эстония тұрғындарына төнетін қауіпті азайтып, қорғаныс өнеркәсібі мен елдің қорғаныс әлеуетіне жасалған шабуылдарға жол берілмейтінін айқын көрсетеді», – делінген Эстония премьер-министрінің ресми мәлімдемесінде.

Көп ұзамай Эстонияның сыртқы істер министрі Маргус Цахкна Эстония мен Ресей шекарасындағы үш өткізу бекетінің барлығы 1 желтоқсаннан бастап жұмысын тоқтататынын мәлімдеді. Шекараны жабу туралы ресми шешім осы аптада қабылданады. Оның қанша уақытқа жабылатыны әзірге белгісіз.

«Ресей Эстонияға қарсы бағытталған дұшпандық әрекеттерінің салдары болатынын түсінуі керек. Біздің елді қорқытуға, тұрақсыздандыруға немесе қауіпсіздігімізге нұқсан келтіруге бағытталған әрекеттер жауапсыз қалмайды», – деді Цахкна.

Оның пікірінше, шекаралық өткізу бекеттерін жабу «Ресейдің Эстония аумағында дұшпандық әрекеттер жүргізу мүмкіндігін шектейді».

«Эстония Ресейге және Ресейден қатынайтын көлік қозғалысын шекаралық өткізу бекеттерінде айтарлықтай шектеп, жағдай одан әрі ушыққан жағдайда қатынас толық тоқтатылуы мүмкін екенін әр жолы ескертіп келді. Енді сол сәт туды», – деп түсіндірді шешімді елдің ішкі істер министрі Игорь Таро.

Қазір Ресей аумағында жүрген Эстония азаматтарына елге оралу үшін екі апта уақыт беріледі. Одан кейін «үйге қайту жолы әлдеқайда ұзарады», – деп ескертті Таро.

Эстонияның бас прокуроры Астрид Асидің айтуынша, оқиға 14 қараша, сенбі күні түнгі сағат 3 шамасында болған. Бірнеше адам Таллиннің солтүстігіндегі Виимси елді мекенінде орналасқан Threod Systems компаниясының аумағына өрт қою мақсатында заңсыз кіруге әрекеттенген.

Эстония Ішкі қауіпсіздік қызметінің (KaPo) басшысы Марго Паллосонның мәліметінше, шабуыл жасаушылар ғимараттың терезелерін сындырып, ішіне жанғыш сұйықтық құйып, өрт шығаруға және жарылыс жасауға тырысқан. Алайда компанияның күзет қызметі өртті дер кезінде сөндірген. Зардап шеккендер жоқ. Өндіріс орны мен өнімдеріне де зақым келмеген.

Оқиғаға байланысты сегіз адам ұсталған. Тергеу бес адамды қамауға алуды сұрап отыр.

 

评论