Жердің Айдан бөлек тағы бір серігі пайда болды. Ғалымдар жаңа астероидты анықтады

164
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/kgROlTNsfUjhGRvnZriqWQIf5Ra7fYVsmtC8YioP.webp

Фото: Getty Images

Астрономдар Жердің тартылыс өрісіне уақытша түскен жаңа шағын астероидты анықтады. 2026 QQ8 деп аталатын ғарыш нысаны әзірге планетамыздың серігіне айналғанымен, алдағы айларда Жер орбитасынан шығып кетуі мүмкін. Бұл туралы ВВС жазды, деп хабарлайды “Адырна”.

Ғалымдардың айтуынша, мұндай құбылыс Күн жүйесінде сирек емес, алайда шағын астероидтарды анықтау өте қиын.

2026 QQ8 астероидын венгриялық астроном Кристиан Шарнецки алғаш рет тамыз айында байқаған. Ал Халықаралық астрономиялық одақтың Кіші планеталар орталығы бұл нысан туралы мәліметті кейінірек жариялаған.

Астероидтың диаметрі небәрі 1–2 метрді құрайды. Қазіргі уақытта ол Жерден 500 мың шақырымнан астам қашықтықта орналасқан. Бұл – Айға дейінгі қашықтықтан да алыс. Астрономдардың болжамынша, нысан сәуір айында Жердің гравитациялық өрісіне түсіп, уақытша серікке айналған. Дегенмен алдағы бірнеше айда қайтадан ғарыш кеңістігіне кетеді деп күтілуде.

Мини-айлар — Жердің тартылыс күшіне ілініп, белгілі бір уақыт аралығында оны айнала қозғалатын шағын астероидтар. Олар Күн жүйесі қалыптасқан кезеңнен қалған ғарыштық денелер немесе басқа ғарыш нысандарының бөлшектері болуы мүмкін.

Мұндай астероидтар, әдетте, Жер орбитасында бір жылдан аз уақыт болады. Көлемі өте кішкентай әрі жарықты аз шағылыстыратындықтан, оларды телескоп арқылы анықтау оңай емес.

The Planetary Society ұйымының мәліметінше, 2026 QQ8 анықталғанға дейін Жердің төрт уақытша мини-айы ғана тіркелген. Олардың ешқайсысы бүгінде планетамызды айналып жүрген жоқ.

Соңғы анықталған нысандардың бірі — 2024 PT5 астероиды. Оның көлемі шамамен 10 метр болған. Алғашында ғалымдар оны Жер орбитасына ұқсас жолмен қозғалатын Арджуна астероидтар тобынан шыққан деп болжаған. Кейінгі химиялық талдау оның Айдан бөлініп, ғарышқа ұшып кеткен фрагмент болуы мүмкін екенін көрсетті. Астероид Жер маңында бірнеше ай болғаннан кейін қайтадан алыс ғарышқа кеткен. Кейбір астрономдардың есебінше, ол 2055 жылы Жерге қайта жақындауы мүмкін.

Жердің уақытша серіктерінің тағы бір түрі – квазисеріктер. Олар сырттай қарағанда Жерді айналып жүргендей көрінгенімен, шын мәнінде Күнді айналады. Олардың орбитасы Жердің қозғалыс жолына өте жақын болғандықтан, планетамызбен қатар қозғалатын нысандар ретінде байқалады.

Осындай астероидтардың бірі – 2025 жылдың тамызында анықталған 2025 PN7. Оның көлемі шамамен 20 метр. Астрономдардың болжамынша, бұл нысан соңғы 60 жыл бойы Жерге жақын орналасқан және алдағы тағы 60 жылдай уақыт бойы осы маңда қозғалысын жалғастырады.

Астроном доктор Дженнифер Миллардтың түсіндіруінше, квазисеріктер мен мини-айлардың басты айырмашылығы – олардың орбиталық қозғалысында. Мини-айлар Жердің гравитациялық өрісіне түсіп, оны айналса, квазисеріктер Күнді айналуын жалғастырады. Дегенмен оларға Жердің тартылыс күші белгілі бір деңгейде әсер етеді.

Ғалымдарды қызықтыратын тағы бір құбылыс – елестік айлар. Болжам бойынша, олар Жермен бір орбита бойымен қозғалатын ғарыштық шаң шоғырлары болуы мүмкін. Мұндай шоғырлар планетамыздың алдында немесе артында орналасуы ықтимал.

Алайда олардың бар екені әзірге толық дәлелденбеген. Доктор Миллард бұл теорияны ғылыми тұрғыдан мүмкін деп санайды. Оның айтуынша, ғарышта планетааралық шаң өте көп және оның бір бөлігі Жер орбитасындағы гравитациялық тұрақты аймақтарда шоғырлануы мүмкін.

Мамандардың пікірінше, мини-айлар мен квазисеріктер Жерге қауіп төндірмейді. Олар ғарыштық өлшем бойынша жақын орналасқанымен, планетамызға соқтығысатын деңгейде жақындамайды.

Астрономдардың айтуынша, мұндай нысандар Жерге қарай қозғалған жағдайда да олардың жақындауын алдын ала байқауға мүмкіндік бар. Сондықтан қажетті шараларды қабылдауға жеткілікті уақыт болады.

Қазіргі таңда квазисеріктер тек Жердің маңынан ғана емес, Юпитер, Шолпан, Сатурн, Нептун және Плутонның маңынан да анықталған. Ғалымдар телескоптардың мүмкіндігі мен компьютерлік модельдеу технологиялары дамыған сайын мұндай нысандардың жаңа түрлері мен саны арта түседі деп болжайды.

Мамандардың пікірінше, Күн жүйесі — үнемі қозғалыста болатын күрделі әрі динамикалық кеңістік. Жаңа астероидтардың ашылуы ғарыштағы қозғалыс заңдылықтарын тереңірек түсінуге мүмкіндік береді.

评论
其他材料