Қайым Мұхамедхановтың мұрасын жаңғыртқан Дина Мұхамедхан марапатталды

246
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/Y5SEj2fsmDXbZIu7NyF8wA2t526WwgvRfnaphY2y.jpg

Фото: Facebook/Dina Mukamedkhan

13 қарашада Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде көрнекті ғалым, абайтанушы Қайым Мұхамедхановтың 110 жылдық мерейтойына арналған халықаралық конференция өтті. Іс-шара аясында Қайым Мұхамедхановтың ғылыми және рухани мұрасын зерттеп, насихаттауға елеулі үлес қосқан Дина Мұхамедханға Лев Гумилев атындағы медаль табысталды.

Дина Мұхамедхан бұл марапатты жеке еңбегіне берілген баға ғана емес, ең алдымен, тарихи әділеттіліктің салтанат құруы және Қайым Мұхамедхановтың ғылым мен ұлт руханияты алдындағы еңбегінің мойындалуы деп бағалады.

Марапаттың мәніне тоқталған ол Лев Гумилевтің Қайым Мұхамедханов туралы айтқан тарихи сөзін еске алды. Ұлы ғалым кезінде: «Сіздердің Қазақстанда бір қайсар қазақ бар. Ол – ғалым Қайым Мұхамедханов. ҚарЛагтағылардың бәрі одан қайсарлықты үйренген», – деген болатын.

Дина Мұхамедханның пікірінше, Лев Гумилевтің есімімен аталатын медальдің Қайым Мұхамедхановтың 110 жылдық мерейтойы аясында табысталуы екі ғалымның рухани үндестігін, адалдық пен азаматтық қайсарлықтың сабақтастығын айқындайды.

Айта кетейік, Дина Мұхамедханның білім және мәдениет саласындағы еңбек жолына биыл 50 жыл толып отыр. Осы уақыт ішінде ол Қайым Мұхамедхановтың ғылыми, тарихи және рухани мұрасын сақтау, зерттеу және кейінгі ұрпаққа жеткізу бағытында жүйелі жұмыс жүргізген.

Атап айтқанда, 2005–2008 жылдары Қайым Мұхамедхановтың архивіндегі 1951 жылы Абайдың әдеби мектебі туралы диссертацияны қорғау кезінде жазылған стенограмманы қалпына келтіру жұмысына атсалысқан. Сондай-ақ архивтік құжаттар негізінде 1930–1950 жылдардағы бірқатар тарихи оқиғаларды қайта зерделеп, ғылыми айналымға енгізуге үлес қосқан.

Зерттеу жұмыстарының нәтижесінде «Қайым туралы сөз», «Қайым: Тағдыр және КарЛаг», «Шәкәрім мен Қайым тағдырлас», «Әке мен Бала», «Хаттар сөйлейді», «Менің анам – Фархинур», «Ильяс Бораганский», «Алдымда ақын Абай – Темірқазық» және басқа да еңбектер жарық көрген. Бүгінде оның бастамасымен және жеке қаражаты есебінен 25-тен астам кітап басылып шыққан. Олар білім беру ұйымдарына, кітапханаларға және оқырман қауымға таратылып келеді.

Сонымен қатар 2004 жылы «Мәдениет және әлеуметтік жауапкершілік» атты авторлық оқу курсын әзірлеп, оны АҚШ пен Қазақстанның бірқатар жоғары оқу орындарында оқытқан.

2017 жылы «Ел тарихы адамдар тағдырында» атты жобаны жүзеге асырып, осы атаумен кітап шығарған. Жоба аясында еліміздің әр өңіріндегі жастар аға буын өкілдерінің өмір жолы мен естеліктерін жинақтаған. Нәтижесінде жеке адамдардың тағдыры арқылы тұтас ел тарихын танытатын, ұрпақтар сабақтастығын дәріптейтін еңбек дүниеге келген.

Дина Мұхамедханның айтуынша, Қайым Мұхамедхановтың мұрасын сақтау жолындағы еңбегіне осыдан жиырма жылдай бұрын Герольд Бельгер, Ғаббас Қабышұлы, Рәбиға Сыздық, Сергей Әзімов, Мұрат Әуезов сынды белгілі зиялы қауым өкілдері қолдау білдіріп, баталарын берген. Олардың сенімі мен аманаты оған үлкен жауапкершілік жүктеген.

Дина Мұхамедхан Лев Гумилев атындағы медальді Қайым Мұхамедхановтың ғылымға адалдығы мен азаматтық қайсарлығына көрсетілген құрмет ретінде қабылдайтынын атап өтті.

«Бұл – тарихи шындықтың салтанат құруы, әділеттіліктің орнығуы. Қайымның мұрасын сақтау жолындағы басты мақсатым – тарихи шындықты ұрпаққа жеткізу, ұлт руханиятына қызмет ету және адалдық аманатына қиянат жасамау», – деді ол.

评论