Бүгін – Ұлттық валюта күні. Теңгенің айналымға енгеніне – 33 жыл

234
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/0caDnwdIsNuZLcPbCRwUnzK7CjWNQjZFRG2zBdC6.png

Фото: ЖИ көмегімен

Бүгін, 15 қарашада Қазақстанда Ұлттық валюта күні атап өтіледі. Осыдан 33 жыл бұрын, 1993 жылы дәл осы күні тәуелсіз Қазақстанның төл валютасы – теңге айналымға енгізілді. Бұл тарихи оқиға елдің экономикалық дербестігін нығайтып, ұлттық қаржы жүйесінің қалыптасуына жол ашты.

Қазақстанның ұлттық валютасын әзірлеу жұмыстары тәуелсіздік алғаннан кейін басталды. Арнайы жұмыс тобы құрылып, теңгенің дизайны мен атауын анықтау мәселелері қолға алынды. Алғашқы банкноталардың дизайнын жасауға суретшілер Тимур Сүлейменов, Меңдібай Алин, Ағымсалы Дүзелханов, Досбол Қасымов және Хайрулла Ғабжалилов қатысты.

1993 жылғы 12 қарашада ұлттық валютаны енгізу туралы Президент Жарлығы жарияланып, 15 қарашадан бастап теңге ресми түрде айналымға шықты. Алғашқы банкноталар 1, 3, 5, 10, 20, 50 және 100 теңгелік номиналмен шығарылды. Олардың бір бетінде қазақ халқының тарихында із қалдырған тұлғалар, екінші бетінде еліміздің көрікті жерлері мен тарихи нысандары бейнеленді.

Теңгенің алғашқы банкноталарын Ұлыбританиядағы «Харрисон және оның ұлдары» компаниясы басып шығарды. Кейін Қазақстанда ұлттық валютаны өз күшімізбен өндіру жолға қойылды. 1995 жылғы 19 мамырда Алматыда Ұлттық Банктің Банкнот фабрикасы ашылды. Ал алғашқы монеталар Өскемен қаласындағы Үлбі металлургиялық зауыты негізінде құрылған Қазақстан теңге сарайында шығарылды.

Теңге дизайны жылдар бойы бірнеше рет жаңартылды. Банкноталарда елдің тарихы, мәдениеті, ұлттық құндылықтары мен заманауи сәулет нысандары көрініс тапты. 2023 жылы Ұлттық Банк «Сақ стилі» деп аталатын жаңа банкноталар сериясын таныстырды. Қазіргі банкноталарда заманауи қорғаныс элементтері қолданылып, оларды қолдан жасауға қарсы технологиялар жетілдіріліп келеді.

Бүгінде теңге – Қазақстанның ұлттық валютасы әрі экономикалық егемендігінің маңызды нышандарының бірі. Сонымен қатар цифрлық теңгені дамыту жұмыстары да жалғасуда. 2026 жылғы 16 қаңтарда цифрлық теңгенің құқықтық мәртебесі бекітілді. Ол қолма-қол және қолма-қолсыз ақшаны алмастырмай, ұлттық валютаның қосымша нысаны ретінде қолданылады.

Айта кетейік, 1997 жылғы 13 қарашадағы Президент Жарлығымен 15 қараша Ұлттық валюта – теңге күні және Қазақстанның қаржы жүйесі қызметкерлерінің кәсіби мерекесі болып бекітілді.

评论