Қазақ телевизиясының алғашқы дикторларының бірі өмірден өтті

836
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/dpOwWwcDrnkgEkmxdm68mujH4QPLFMaKrnXYoCTf.webp

Қазақ телевизиясының қалыптасуына үлес қосқан алғашқы дикторлардың бірі Зұлқия Мұқанқызы Жұматова 106 жасында дүниеден озды, деп хабарлайды "Адырна".

Қаралы хабарды отандық телевизия маманы Сәуле Жиреншина әлеуметтік желідегі парақшасында жеткізді.

Зұлқия Жұматова 1920 жылы 20 ақпанда Павлодар облысы Баянауыл ауданында дүниеге келген. 15 жасында анасынан айырылып, сегіз баланың үлкені ретінде бауырларына қамқор болған. Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында зауытта еңбек еткен.

Оның телевизия саласындағы қызметі 1958 жылы басталды. Алматы телестудиясы ашылар тұста ұйымдастырылған дикторлар байқауында 750 үміткердің арасынан іріктеліп шықты. Сол жылдың 8 наурызында Нелли Омаровамен бірге қазақ телевизиясының алғашқы эфирін жүргізген дикторлардың бірі болды.

Зұлқия Мұқанқызы 1958–1970 жылдары Қазақ телевизиясында қызмет етіп, ұлттық телеэфирдің қалыптасуына атсалысты. Ол тікелей эфирде жұмыс істеген алғашқы дикторлардың қатарында болды.

Телевизиядағы қызметімен қатар әдеби шығармашылықпен де айналысты. Балаларға арнап өлеңдер мен ертегілер жазды. Оның «Бөбегім» атты бесік жырына композитор Бақытжан Байқадамов ән шығарған. Туындыны белгілі әнші Жамал Омарова орындаған. Сондай-ақ Зұлқия Жұматова мектепке дейінгі жастағы балаларға арналған «Мараттың таңдауы» кітабын жазды. Еңбек 200 мың данамен жарық көрген.

2026 жылғы маусымда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев отандық журналистика мен телевизия саласына сіңірген еңбегі үшін Зұлқия Жұматованы «Құрмет» орденімен марапаттаған.

Сәуле Жиреншинаның мәліметінше, марқұммен қоштасу рәсімі 15 қараша күні сағат 11:00-де өтеді.

评论