Ер қазақ. Қайым Мұхамедханұлының 110 жылдығына ғылыми конференция өтті

140
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/m5KZhNI6QZzjLha3fIK4L4M62xDQDwdQm6sP0kT6.jpg

Фото: Алпамыс Файзолла/Kazinform

Астанада көрнекті ғалым, абайтанушы, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Қайым Мұхамедханұлының туғанына 110 жыл толуына орай халықаралық ғылыми конференция ұйымдастырылды. Бұл ткралы Kazinform жазды, деп хабарлайды "Адырна".

«Көкейкесті әдебиеттану: поэтика, жанр, стиль және Қайым Мұхамедханұлының ғылыми мұрасы» тақырыбындағы жиынға отандық және шетелдік ғалымдар, Абай мұрасын зерттеушілер, сондай-ақ ғылыми және білім беру мекемелерінің өкілдері қатысты.

Халықаралық конференция барысында Қайым Мұхамедханұлының ғылыми қызметі мен қазақ әдебиеттануының дамуына қосқан үлесі кеңінен сөз болды. Қатысушылар абайтану, мәтінтану, әдебиеттану салаларындағы зерттеулерді, Абай мен Шәкәрім шығармашылығын зерделеу мәселелерін және ұлттық әдебиет пен тарихты танудың өзекті бағыттарын талқылады.

Жиында Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті филология факультеті қазақ әдебиеті кафедрасының оқытушысы, PhD докторы Ләйлә Демесінова да ғалымның ғылыми мұрасының маңызына тоқталды.

Оның айтуынша, Қайым Мұхамедханұлы Абай шығармаларын текстологиялық тұрғыдан зерттеуге алғашқылардың бірі болып жол ашқан. Әсіресе, 1951 жылы қорғалған «Абайдың ақын шәкірттері» атты диссертациялық еңбегі кейінгі абайтанушылар үшін маңызды ғылыми негізге айналды.

«Конференцияға Қазақстанмен қатар шетелден де білікті зерттеушілер қатысып, өз баяндамаларын ұсынып жатыр. Олардың қатарында Ғарифолла Есім, Тұрсын Жұртбай, Сауытбек Абдрахманов сынды белгілі ғалымдар бар. Сонымен бірге Қазан федералдық университетінің профессоры Флюра Сайфуллина Қайым Мұхамедханұлының зерттеулеріне қатысты баяндама жасады. Өзбекстандағы Науаи атындағы университеттің профессоры Ұзақ Жорақұлов “Екі достың тағдыры” атты мақаласын таныстырды. Ал АҚШ-тың Монтана университетінің профессоры Андре Эрно да ғылыми зерттеуін ортаға салды.

Бір ерекшелігі, ұсынылған баяндамалардың барлығы дерлік Қайым Мұхамедханұлының ғылыми еңбектерімен байланысты. Бұл ғалым мұрасының тек Қазақстан көлемінде ғана емес, халықаралық әдебиеттану кеңістігінде де зерттеліп, өзектілігін жоғалтпағанын көрсетеді», – деді Ләйлә Демесінова.

Конференция Қайым Мұхамедханұлының ғылыми мұрасын тереңірек зерделеуге, абайтану саласындағы зерттеулерді дамытуға және халықаралық ғылыми байланыстарды нығайтуға мүмкіндік берді.

Қайым Мұхамедханов – ғалым, абайтануды ғылыми негіздеуші, шәкәрімтанудың негізін қалаушы,  текстолог. Сегіз қырлы Мұхамедханов Қазақ ССР Гимнінің авторы,  КСРО Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығының, Жазушылар одағы сыйлығының, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының және Халықаралық Абай академиясының Алтын медалінің иегері, профессор. Одан бөлек, КСРО және Қазақстан халық ағарту ісінің үздігі деп танылған. Қайым Мұхамедханов – Қазақ ССР-і мемлекеттік гимні мәтінінің авторы. 27 жастағы жас жігіт 1943 жылы республика гимнін жазып, конкурс жеңімпазы атанды. 27 жастағы жігіттің жазған Әнұраны «Ер қазақ ежелден еркіндік аңсаған» деп басталады. Алайда кейін бұл нұсқаға өзгерту енгізілді.  

评论
其他材料