«Конституцияны елемегендер қатаң жазаланады». Тоқаев «Самұрық-Қазына» мен ҚТЖ-дағы жағдайға тоқталды

167
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/irBWI1N2DPixsuipaICiJqcO4Sc3zIx8ppL2rMi3.jpg

Фото: Ақорда

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Конституция талаптарын бұзғандарға қатысты қатаң шара қолданылатынын мәлімдеді. Мемлекет басшысы мемлекеттік компаниялардағы сыбайлас жемқорлық мәселесін көтеріп, Үкімет пен бақылаушы органдарға тиісті шаралар әзірлеуді тапсырды. Бұл туралы Ақорда жазды, деп хабарлайды “Адырна".

Бүгін Президенттің төрағалығымен Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің көлік-логистика саласын дамыту мәселелеріне арналған шұғыл отырысы өтті.

Жиында сөз сөйлеген Қасым-Жомарт Тоқаев Конституцияның мемлекеттің құқықтық негізі ретіндегі маңызын атап өтті. Оның айтуынша, Ата заңның негізгі талаптарын елемеу елдің абыройына және қоғамның мемлекеттік институттарға деген сеніміне нұқсан келтіреді.

"Конституция – мемлекетіміздің негізгі заңы, бұл – халқымыздың құқықтық төлқұжаты. Сондықтан Конституцияны күлкі қылу, оның негізгі ережелерін менсінбеу халқымызды кемсітумен бірдей. Ондай әрекет жасағандар "Заң мен Тәртіп" қағидатына сәйкес қатаң түрде жазаға тартылады. Мәселе мемлекетіміздің абыройы, қоғамның ұлттық институттарға деген сенімі, Қазақстанның халықаралық беделі туралы болғанда біз, халық билік ету өкілдігін берген тұлғалар, ұлт мүддесін қорғау жолында аянбай еңбек етуіміз керек, сол үшін қолымыздан келгеннің бәрін жасауымыз керек. Бұл – азаматтық және саяси борышымыз", - деді Тоқаев.

Президент «Самұрық-Қазына» қорының жауапкершілігіне де тоқталды. Оның айтуынша, қор еліміздің стратегиялық активтерін басқарып, ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асырады. Сонымен қатар шетелдік ірі компаниялармен және халықаралық қаржы институттарымен әріптестік орнатқан.

"Түптеп келгенде, кез келген келісімнің, серіктестіктің артында ұзақ жылдар бойы жасалатын көптеген келіссөздер, соның ішінде халықаралық қауымдастықтың елімізге деген үлкен сенімі мен мемлекетімізге жүктелген нақты міндеттер тұрады", - деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев жоғары лауазым иелерінің жауапкершілігіне ерекше назар аударды. Оның пікірінше, қызметі мен таныстық байланыстарына қарамастан, барлық азамат заң талаптарын сақтауы керек.

"Жоғары лауазымға ие болу – әрқашан және әрдайым жүктелетін жоғары жауапкершілікті дұрыс түсіну деген сөз. Қоғамымызда атқаратын лауазымына, сіңірген еңбегіне не болмаса тамыр-таныстарына, соның ішінде туыстық байланыстарына қарамастан, ешкім де заңнан аттап кете алмайды. Бұл – мен үшін мызғымайтын, яғни өзгермейтін ұстаным. Соңғы кезде біз кейбір келісімдер мен шарттарды қайта қарадық. Меніңше, оларға қол қою қате шешім болған", - деді Президент.

Сонымен бірге Мемлекет басшысы кәсіпкерлерге қатысты мемлекеттік саясат өзгермейтінін жеткізді. Оның сөзінше, билік бизнеске кедергі келтіруді емес, керісінше, қолдау көрсетуді көздейді.

"Керісінше, біз оларға әрдайым жан-жақты қолдау көрсетіп жатырмыз және алдағы уақытта да солай болады. Бәріңіз де білесіздер, мен келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап шағын кәсіпкерлікті тексеруге арналған тағы бір үш жылдық мораторий жариялау туралы тапсырмамды бердім. Елімізде біртіндеп орнығып жатқан "Заң мен Тәртіп" құқықтық стратегиясының түпкі мәні де – осы: әділеттілік қағидатына және заң талаптарына сай көмекке мұқтаж адамдарға, сондай-ақ кәсіпорындарға қолдау көрсету.

Жағдай қаншалықты күрделі болса да "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қорының аппараты мен мемлекеттік компаниялардың, соның ішінде "Қазақстан темір жолының" жұмысы тоқтап қалмайды, үздіксіз жүре береді. Мемлекеттік компанияларға қарасты барлық мекемелер қалыпты тәртіппен жұмыс істеп жатыр.

Жалпы, бұған ешқандай себеп те жоқ. Керісінше, жемқорлыққа қарсы жүргізіліп жатқан күрес инвесторлар мен несие берушілердің аталған институтқа деген сенімін арттырып, олардың мейлінше тиімді, ашық және жемісті жұмыс істеуіне мүмкіндік береді деп санаймын", - деді Мемлекет басшысы.

Президент Бас прокуратураның заңсыз иемденілген активтерді қайтару жұмысына да тоқталды. Оның мәліметінше, мемлекетке жалпы сомасы 1,3 триллион теңгеден асатын қаражат қайтарылған.

Бұл қаржыға 466 әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысан салу жоспарланған. Қазіргі уақытта олардың 383-інің құрылысы аяқталған. Атап айтқанда, медициналық мекемелер, сумен жабдықтау желілері, мектептер мен спорт кешендері пайдалануға берілген.

Алайда Президент кейбір нысандардың, соның ішінде жолдардың сапасына қатысты мәселелер бар екенін атап өтті. Сондықтан құрылыс жұмыстарының орындалуын тексеру қажеттігін айтты.

"Қалыптасқан жағдайға қарағанда, нысандар қаншалықты сапалы салынғанын тексеруге себеп бар сияқты. Өйткені нысандардың, соның ішінде жолдардың сапасы талапқа сай болмайтын жағдай жиі кездеседі. Дегенмен осы оқиғаның өзі жемқорлыққа қатысты құқық бұзушылықтар мемлекеттік компаниялардың ең осал тұсы, яғни, басты дерті екенін айқын көрсетіп отыр.

Осы орайда, Үкімет пен бақылаушы органдар биыл 24 қарашаға дейін сыбайлас жемқорлыққа қатысты құқықбұзушылықтарды барынша азайту, квазимемлекеттік сектордағы компаниялар мен олардың қызметкерлерінің жұмыс сапасын айтарлықтай жақсарту жөнінде маған ұсыныс берсін", - деді Тоқаев.

Еске салайық, 12 қарашада Ұлттық қауіпсіздік комитеті Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметінің «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Жақыповты, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ басшысы Елжас Отыншиевті және басқа да тұлғаларды ұстағанын ресми түрде растады.

ҰҚК мәліметінше, ұсталғандар сыбайлас жемқорлық қылмыстарын жасады деген күдікке ілінген. Қазір оқиғаның мән-жайын анықтау мақсатында сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Ведомство Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес тергеу барысы туралы қосымша ақпарат таратудан бас тартты.

Айта кетейік, Елжас Отыншиев «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының басшысы қызметіне тағайындалғаннан кейін төрт айға жетпей ұсталған.

12 қарашада әлеуметтік желілерде Астанадағы Қонаев көшесінде орналасқан тұрғын үй кешенінің маңында шашылып жатқан долларлар түсірілген видео тарады. Жазбада АҚШ валютасының бірнеше бумасы жерде жатқанын көруге болады.

Әлеуметтік желі қолданушылары бұл ақшаны «Самұрық-Қазына» мен ҚТЖ басшыларының ұсталуымен байланыстыруы мүмкін деген болжам жасады.

Сондай-ақ тінту кезінде ұсталғандардың бірінің жұбайы ақша салынған сөмкелер мен чемодандарды пәтер терезесінен лақтырып жібергені туралы ақпарат тарады.

Алайда бұл мәліметтер әзірге ресми түрде расталған жоқ. Көшеден табылған банкноттардың тергеу ісіне қатысы бары жөнінде де құзырлы органдар нақты ақпарат берген жоқ.

Бұдан бөлек, әлеуметтік желілерде «Самұрық-Қазына» және ҚТЖ басшыларының ұсталу сәті болуы мүмкін бейнежазбалар жарияланды. Оның мән-жайы да әзірге ресми нақтыланбаған.

评论