Газада ауруханаға жасалған соққыдан қаза тапқандар бар

153
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/pxuISlYImdvmL9E5BDcZCCc6BgCHmRVaqbJYuPn0.jpg

Фото елдің денсаулық сақтау министрлігінен

Газа секторында атысты тоқтату туралы келісімге қарамастан, әскери шабуылдар жалғасып жатыр, деп хабарлайды “Адырна”. 

Шетелдік БАҚ дерегінше, 12 қарашаға қараған түні Израиль әскери ұшақтары сектордың оңтүстігіндегі Хан-Юнис қаласында орналасқан «Нассер» медициналық кешеніне соққы жасады. Салдарынан алты палестиналық қаза тауып, 28 адам жараланды.

Газа секторының денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, қаза тапқандардың арасында бір дәрігер мен 13 жастағы бала бар. Соққы аурухананың хирургиялық ғимаратының екінші қабатына тиген. Зардап шеккендер мен қаза тапқандар арасында медицина қызметкерлері, науқастар және олардың туыстары болған.

Израиль қорғаныс күштері шабуылды растады. Әскерилердің мәлімдеуінше, нысана ХАМАС бригадасының командирі Мұхаммед Әбу Исмаил және медициналық кешен аумағында болған өзге де ұйым мүшелері болған. Сондай-ақ Израиль тарапы ХАМАС аурухананы әскери мақсатта пайдаланғанын алға тартты.

Ал ХАМАС бұл айыптауларды жоққа шығарып, шабуылды соғыс қылмысы деп бағалады. Ұйым өкілдері халықаралық делдалдар мен АҚШ әкімшілігін атысты тоқтату туралы келісімнің орындалуын қамтамасыз етуге шақырды.

Шабуыл салдарынан аурухананың бірқатар бөлімшесінің жұмысы тоқтаған. Медициналық кешен директоры Ахмед әл-Фарраның айтуынша, операциялық бөлмелер, радиология бөлімдері, зертханалар мен хирургиялық стационар зақымданған.

评论