Таудағы жасөспірім қазасы. Жапаров ТЖМ басшылығына қатаң жаза қолданды

120
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/l9EyC3pzI3GYMKyO3JKM3Ojh1Jva80YM7f2vRivy.jpg

Қырғызстанның Төтенше жағдайлар министрі Қанатбек Чыныбаев ел президенті Садыр Жапаровтың қатаң сөгісін алды. Ал ведомство басшысының орынбасары Алмазбек Асанов үкімет шешімімен қызметінен босатылды. Мұндай шешім Ала-Арча тауында қаза тапқан 14 жастағы Әмір Кунакуновтың өлімінен кейін қабылданған, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

«АКИpress» агенттігінің мәліметінше, Төтенше жағдайлар министрлігіндегі тағы екі қызметкер қызметінен босатылған. Олар – Дағдарыстық жағдайларды басқару орталығының басшысы Азис Эгембердиев пен Құтқарушыларды даярлау мемлекеттік орталығының жетекшісі Тынарбек Мурашов.

Шенеуніктерді қызметінен босату Қырғызстан президенті әкімшілігі жүргізген тексеру қорытындысы бойынша жүзеге асқан. Тексеру барысында ведомство жұмысында бірқатар елеулі кемшілік анықталған. Атап айтқанда, төтенше жағдайларға жедел әрекет ету және іздестіру жұмыстарын үйлестіру бағытында олқылықтар болған.

Айта кетейік, бұған дейін Алмазбек Асанов ведомство қызметкерлері жасөспірімнің өліміне байланысты моральдық жауапкершілікті сезінетінін мойындаған еді. Сонымен қатар ол Әмір Кунакуновты құтқару операциясына авиацияны тарту туралы шешімнің не себепті кеш қабылданғанын түсіндірді.

Шенеуніктің айтуынша, тауда жоғалған адамдарды іздеу жұмыстары әуелі жердегі құтқару топтарының көмегімен жүргізіледі. Кейін оқиғаның сипаты мен ауа райы жағдайына қарай тікұшақтар тартылады. Сондай-ақ Асанов Төтенше жағдайлар министрлігі қызметкерлерінің әрекетіне баға беру үшін ішкі тексеру жүргізетінін мәлімдеген болатын.

11 қарашада Қырғызстанның Әскери прокуратурасы «Ала-Арча» ұлттық табиғи паркінде Әмір Кунакуновтың қаза болуына байланысты қызметтік салғырттық дерегі бойынша қылмыстық іс қозғағаны белгілі болды. Күдіктілердің анықталған-анықталмағаны жөнінде әзірге қосымша ақпарат жарияланған жоқ.

14 жастағы жасөспірімнің өлімі 7 қарашада болған. Таудан түсіп келе жатып адасып кеткенін түсінген Кунакунов жедел қызметтердің бірыңғай нөміріне қоңырау шалған. Төтенше жағдайлар министрлігінің қызметкерлері геолокация арқылы баланың нақты орналасқан жерін анықтаған. Алайда кезекші құтқару тобына бұл ақпарат кеш жеткен. Олар Әмірдің көмек сұраған қоңырауынан үш сағат өткен соң ғана хабардар болған. Ведомство өкілдері мұны таулы аймақта ұялы байланыстың болмауымен түсіндірді.

Іздестіру-құтқару жұмыстары екі күн бойы жалғасқан. 9 қарашада Әмірдің денесі Электро шыңы маңынан табылды. Алдын ала мәлімет бойынша, жасөспірім қатты тоңып, гипотермия салдарынан қаза тапқан.

评论