Парсы тілінде шер тарқатқан «Мақпалдың мақамды жырлары»

362
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/PNIaTAuAuFjWJ7cBkpUPNPVGyMH2foOfcDMOV0P1.webp

“Мақпалдың мақамды жырлары” — белгілі ақын Мақпал Жұмабайдың өлеңдер жинағы. Ақын өлеңдерінің ерекшелігі ақын өз өлеңдерін музыкалық аспаптың сүйемелдеуімен өзі орындайды. Мақпалдың өлеңдері қазақ оқырмандары, жалпы поэзияны сүйетін қауымның тарапынан жоғары бағасын алған. Алайда қазақтың ақын қызының жырлары өзге тілге, соның ішінде парсы тіліне аударылғаны туралы қалың оқырман біле бермеуі мүмкін. 

“Мақпалдың мақамды жырлары” атты өлеңдер топтамасының аудармасы 2024 жылы Тегеранда жарық көрді. Мақпалды парсыша сөйлеткен – Гаухар Омарханова. Ол – әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті шығыстану факультеті ирантану бөлімінің түлегі. Парсы тілін жақсы меңгерген Гаухар Омарханованың поэзияға деген сүйіспеншілігі Мақпал Жұмабайдың өлеңдерін парсы тіліне аударуға алып келді деп айтуға болады.

Поэзияны әдетте ақын адам аударады немесе ақындыққа құмар адам аударады. Ақындыққа, яғни шығармашылыққа қатысы жоқ адамның поэзияны өзге тілде сөйлетуі қиын жағдай. Гаухардың аудармасында буын да, ұйқас та мағынаны жеткізу жағы да толық сақталып отырады. Мақпалдың жырларының аудармасын оқып отырғанда, әсіресе “Ана” мен “Қара жәшік” өлеңдері парсыша жатық шыққан. Парсылардың ұғымына қона кететін өлең жолдары бірден оқырманды баурап алады. Ана тақырыбы қай тілде де әсерлі тақырып болғандықтан болар деп ойлайсың. Мақпалдың “Ана” туралы өлеңі оқырманның көңіліне қонымды шыққаны аудармашының еңбегі екенін атап өткен жөн.

Мақпал өлеңдерінің ішіндегі ерекше көзге түсетіні – “Қара жәшік” өлеңі. Бұл өлеңнің табиғаты парсы тіліндегі құпиялықты сақтау мақсатында  ешкім көрмейтін бір жерге сақтап қою, ешкімгі сыр шашпау, бәлкім құпия болып қалуды қалау мінезіне сай шыққан деуге болады. Мақпалдың осы өлеңі парсы тілінде жатық, еркін және парсы тілінің табиғатына сай аударылған. Сондықтан болар “Қара жәшік” өлеңін парсылар немесе парсы тілін білетін адам оқыса, рахаттанып ләззат алары сөзсіз. Бұл өлең басқа тілдерде қалай сөйлейтінін білмейміз, бірақ парсы тілінде мәдени немесе басқа да кедергілерсіз таза еркін сөйлегені қуантарлық дүние. Қала берді Мақпалдың өзі өз жинақтарын “Мақпал шер” деп атағаны ерекше назар аудартады. “Шер” сөзі парсы тілінде өлең дегенді білдіреді. Осыны ескере отырып Мақпал ақынның өзі де өлеңдері де парсы тілінде сөйлеуге дайын тұрғандай әсер қалдырады. Мүмкін бұл бар болғаны кездейсоқтық болар. 

“Мақпалдың мақамды жырлары” атты жинаққа 32 өлең енген. Аудармашы 32 өлеңнің барлығын парсы тіліне аударған. Мақпалдың  өлеңдері қазақ тілінде оқуға жеңіл және сазды аспаппен сүйемелдеуге ыңғайлы. Парсы тіліндегі аударма өлең қалыбы өзгермей, жолдар реті сақталып дәлме-дәл аударылып отырған. Аудармашы оқырманның қамын ойлап бір бетке парсы тіліндегі аудармасын жазса, екінші бетке қазақ тіліндегі нұсқасын қатар берген. Бұл әдіс – бірнеше мақсатты көздеген ұтымды идея.

Бұл Мақпалдың жырларын тек парсы жұрты емес, бәлкім Ирандағы қандастар мен парсы тілін үйренетін адам оқып, пайдаланса да тиімді. Болашақ аудармашылар үшін де бұл әдістің көмегі зор. Парсы тіліндегі аударма мен түпнұсқа өлеңді оқи отырып, қай сөздің қалай аударылғанын анықтау мен талдау үшін ыңғайлы.

Ал аударманың өзіне келетін болсақ, алдымен бұл туралы оқырман талабын тану маңызды.    

Ғалым, аудармашы Мұстафа Раззақи Гаухар Омарханованың аудармасын оқып Мақпалдың поэзиялық шеберлігі мен аудармашының қазақ поэзиясын жеткізу шеберлігі туралы былай толымды пікір білдіріп арнайы рецензия жариялаған екен. “Мақпалдың мақамды жырлары” – әйел затының қасиеттерін толық көрсететін жинақ. Бетпердесіз сезімдер сөз болып біткен. Ал балаға деген махаббат аналық сезімді жақсы жеткізеді. Сонымен қатар, өлеңдерде ананы мақтауға тұрарлық асқақ мінезін көреміз, ол биік таулар мен тау күзетшісі «Ұлар» құсы түрінде көрініс табады».

Сонымен қатар М. Раззақи мырза аудармашы Гаухардың аудармасына да баға берген. “Мақпалдың өлеңін аударғанда Г. Омарханова мағынаның берілуіне басты назар аударған. Кейбір өлеңдерде мағынаны берумен қатар, аудармашының өзі поэзия деңгейіне жеткен сияқты және сөз тіркестерін шебер қолдану арқылы ұйқас немесе аллитерацияға ерекше мән берген. Бұл аударманың ерекшелігі – өз тіліндегі өлеңді өзге тілге еркін аудара алуында”. Расында, басқа тілді үйренген адамдар кейінірек сол тілден өз ана тіліне аударуға тырысады және мұндай аудармалар жиі кездеседі. Гаухар Омарханова болса, өзінің ана тілінен үйренген тіліне аударып отыр. Бұндай аударманы жасау оңай шаруа емес. Мұндай сапаға қол жеткізу үшін сөздік қор басты орын алады. Тілдік қордың бай болуы бір бөлек, аударып отырған тақырыбына деген шексіз махаббат пен шығармашылық шешім де маңызды. Г. Омарханованың бойынан осының екеуі бірдей табылады. Ол ешкімнің ойына келмеген жаңа шешімге келеді. Қазақтың ақын қызы Мақпалды өз қалауымен, ұнатып парсы тіліне аударады. Сондай-ақ аударып отырған поэзияны терең түсініп, үлкен шеберлікпен парсы тілінде сөйлетеді. Бұндай шеберлік тек шығармашыл адамдардың қолынан келетін жұмыс екенін атап көрсеткен жөн.

Әрине, поэзияны аударғанда мағынаны жеткізуде әртүрлі қиындық туындайтынын ескеру керек. Басқа халықтың мәдениеті мен әдебиетін таныстыру үшін аударма жасау ол адамның киген киімін шешіп оған басқа киім кигізумен бірдей. Киімнің сыртқы түрі, олардың түсі және сөздердің өзі де басқа мәдениетпен танысқан кезде пайда болып, қабылдауы керек мағынаның бір бөлігі болып табылады. Десек те өзге мәдениетпен, әдебиетпен және елмен танысу бірінші кезекте аударма арқылы орын алатынын ескергенде бұндай батыл қадамдар қажет.

Мақпалдың парсы тіліне аударылған өлеңдерін оқи отырып қазақ тілінің табиғатымен, қазақ поэзиясымен жақын таныса алғанына ризашылық білдірген ирандық маман М. Раззақидың Г. Омарханованың аудармасы секілді жұмыстардың көбірек болғанын қалайтынын жеткізеді.  Ирандық маманның пікірін ескере отырып қазақ поэзиясының табиғатымен ирандық оқырмандарды таныстыруға ерекше ден қойған Г. Омарханованың бұл еңбегін Қазақстан мен Иран арасындағы мәдени көпірді нығайтуға қосқан өзіндік үлес деп бағалауға болады.

Аударма ісіндегі ең күрделісі – өз тіліңдегі туындыны өзге тілге аудару. Сол үддедін көрініп, алғашқы қадамын жасаған  Гаухар Омарханова әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың шығыстану факультетінде аударма ісі мамандығы бойынша докторантурада оқиды. Алдағы уақытта Г. Омарханова басқа да қазақ ақындарының өлеңдерін  парсыша сөйлетіп екі елдің ақындарының арасын жақындатуға өзіндік үлес қосады деп үміттенеміз.    

 Ғалия Қамбарбекова

ирантанушы

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ оқытушысы 

 

 

评论