Германияда жастар наразылыққа шықты

91
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/jDCINxA4UzxfeYMLHlosJ2WEW4zHCHRARNB7dy7G.jpg

Германияның ондаған қаласында жастардың жаппай наразылық акциялары өтіп жатыр, деп хабарлайды “Адырна”. 

DW дерегінше, Берлинде полиция шамамен 2 700, Мюнхенде 1 800, ал Франкфурт-на-Майнеде 1 000-ға жуық демонстрантты тіркеген. Ел бойынша акцияға қатысқандардың жалпы саны әзірге жарияланған жоқ. 

Наразылық шараларының басым бөлігі бейбіт жағдайда өтіп жатыр. Алайда Штутгарт қаласында полиция шеруді бірнеше рет тоқтатуға мәжбүр болған. Бұған акция басталмай тұрып түтін шашкаларының қолданылуы мен петардалардың жарылуы себеп болған. Сонымен қатар полиция бет-жүзін жасырған шерушілерге ескерту жасаған. 

Жастардың наразылығына өмір сүру құнының өсуі, Германияда міндетті әскери қызметтің қайта енгізілуі мүмкіндігі және климаттық саясаттың тиімсіздігі себеп болған.

Берлин, Кельн, Франкфурт және Мюнхен қалаларындағы шерулерді «Gen Z regelt» («Z ұрпағы шешеді») қозғалысымен байланысты ұйымдастыру тобы үйлестіріп отыр. Ал өзге қалалардағы акцияларға қатысты топ олардың ұйымдастырылуы мен мазмұнына жауапты емес екенін мәлімдеген. Дегенмен ұйым өз сайтында бұл шаралар туралы ақпарат жариялап, жастарды бейбіт шеруге қатысуға шақырған.

评论