Сот ғимаратының алдында өзін өртеген адамның кім екені анықталды

213
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/SWTiBJFYMhfiGfAgw8GkZFocOyEhgobn19mZZgFZ.webp

30 қазанда Семей қаласында облыстық сот ғимаратының алдында өзін өртеп, көз жұмған ер адам шетел азаматы болған, деп хабарлайды “Адырна”. 

Ол қылмыстық іс бойынша жәбірленуші ретінде танылған.

Облыстық соттың мәліметінше, 2020 жылы жәбірленушіге тиесілі компания лизингтік компаниямен бес самосвалды сатып алу туралы келісімшарт жасасқан. Алайда көліктердің ақысын толық төлемеген.

2024 жылы лизингтік компанияның атынан әрекет еткен айыпталушы сот шешімінсіз төрт самосвал мен қосалқы бөлшектерді әкетуді ұйымдастырған. Бұл әрекет өз бетінше билік ету деп бағаланған.

Сот оны Қылмыстық кодекстің 389-бабының 1-бөлігі бойынша кінәлі деп таныған. Алайда қылмыстық жауапкершілікке тартудың ескіру мерзімі өтуіне байланысты ол босатылған.

Бұған дейінгі келісімшарттар төлемнің толық жүргізілмеуіне байланысты бұзылғандықтан, сот техниканы заңды иесі – лизингтік компанияға қайтару туралы шешім шығарған.

Сондай-ақ жәбірленуші жоғалған құрал-жабдықтар, қосалқы бөлшектер және бесінші самосвалды жөндеуге кеткен шығын үшін 19,9 миллион теңге өндіруді сұрап, азаматтық талап арыз берген.

Алайда мүліктің өзіне тиесілі екенін және келтірілген шығын көлемін растайтын дәлелдер жеткіліксіз болғандықтан, сот талап арызды қараусыз қалдырған. Сонымен қатар жәбірленушіге шығынды азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен өндіріп алу құқығы түсіндірілген.

Сот өкілдерінің айтуынша, шешім зерттелген дәлелдер негізінде және заң талаптарына сәйкес қабылданған.

Еске салайық, 30 қазанда сағат 17:00 шамасында Семей қаласындағы облыстық сот ғимаратының маңында ер адам өзін өртеп, көз жұмған. Полиция мәліметінше, аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалған. Қазір оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр.

评论