Алматыда Республика күні қарсаңында «Адал қоғам» жасанды интеллект боттарын әзірлеу байқауы өтті

268
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/pVXCl4tVdX7pwgjmpPd9fRtEqQMeD5oHBa4PiENs.jpg

Алматы қаласында Ұлттық мереке – Республика күні қарсаңында жастар арасында ауқымды технологиялық сайыс ұйымдастырылды. 16 қазан күні Алматы қаласы Ішкі саясат басқармасының Қоғамдық даму орталығы мен Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінің (ХАТУ) бірлесуімен «Адал қоғам» зияткерлік AI боттарын әзірлеу бойынша байқау өтті.

Шараның басты мақсаты – «Адал қоғам», «Адал азамат» және «Таза Қазақстан» сияқты мемлекеттік маңызы бар ірі жобалар туралы халыққа сенімді әрі түсінікті ақпарат беретін жасанды интеллект (AI) боттарын жасап шығару.

Байқауға студенттер мен магистранттардан құралған 31 команда қатысып, өзара бақ сынады. 2-4 адамнан біріккен топтар жобаларын әзірлеу барысында OpenAI, Gemini, Llama сынды озық ірі тілдік модельдерді (LLM) қолданды. Негізгі талап бойынша боттар қазақ және орыс тілдерінде бірдей сапалы жұмыс істеуі міндеттелді.

Алматы қаласы Ішкі саясат басқармасы Қоғамдық даму орталығы КММ директорының орынбасары Болатжан Әл-Фараби Нұрбекұлы бұл бастаманың идеологиялық маңызын атап өтті:

«Бүгінгі іс-шарамыз "Адал қоғам" жобасы аясында іске асырылып жатыр. Бұл қандай AI боттар? Бұл боттар біздің еліміздің ішкі саясатындағы және идеологиялық жұмыстардың негізгі бағыттары, ұлттық құндылықтарымыз бен қағидаттарымыз туралы халыққа жүйелі түрде ақпарат бере алатын сандық көмекші болмақ».

Ал Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінің ректоры Гүлмира Бекманова жобаның білім беру мен қоғамдық сұранысты ұштастырудағы рөліне тоқталды:

«Бұл біз үшін өте маңызды жоба, өйткені университеттің қызметі тек білім берумен шектелмейді. Негізгі мақсатымыз – студенттерімізді қоғамға пайдалы дүниелерді жасауға үйрету, халықтың сұранысын естіп, оны технология арқылы қалай шешуге болатынын көрсету. Осы AI боттар қоғамдағы нақты әлеуметтік проблемаларды шешуге септігін тигізеді».

Университеттің Тәрбие және әлеуметтік жұмыс департаменті директорының орынбасары Азиз Дінмұхаммедұлының айтуынша, жасанды интеллект технологиялары қазіргі таңда қоғам дамуына жаңа мүмкіндіктер есігін ашуда. Сондықтан бұл байқаудың тек жастарға ғана емес, жалпы қазақ еліне берер пайдасы зор.

Жарыс қорытындысы бойынша ең үздік шешім ұсынған 3 команда жеңімпаз атанып, арнайы жүлде қорына ие болды. Жеңімпаз «Адал кеңесші» тобы өз жобаларының инклюзивтілігіне баса назар аударған:

«Біздің платформамыз, яғни AI ботымыз болашақта бүкіл Қазақстан халқына қызмет етеді. Ол мүмкіндігі шектеулі жандарға да, қазақ немесе орыс тілінде сөйлейтін барлық азаматтарға бірдей пайдасын тигізеді деп үміттенеміз».

Аталмыш зияткерлік байқау жастарға жасанды интеллект саласындағы білімдері мен дағдыларын тәжірибе жүзінде қолдануға, сондай-ақ қоғам үшін маңызды мәселелерді шешуге бағытталған тың технологиялық идеяларын ұсынуға үлкен жол ашты.

评论