Өзін де, өзгені де іздеген. Роллан Сейсенбаевтың сеңгірі

80
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/hmZqEEavlKe3eWzRqyfJWclDUI1pEq7OWrHHtBIs.webp

Бүгін жазушы Роллан Сейсенбаев 80 жасқа толды. Қаламгердің өзіндік көзқарасы, өз пайымы ерекше. Шығармалары кең, ауқымды, сан-салалы.

Роллан Сейсенбаев 1946 жылы 11 қазанда Семей қаласында дүниеге келген. Семей технологиялық институтының түлегі кейін Мәскеудегі Горький атындағы Әдебиет институты жанындағы Жоғары әдеби курстарын өткерді.

Облыстық газетте, теледидарда және облыстық комсомол комитетінде қызмет атқарған, қалалық атқару комитеті төрағасының орынбасары болған. 

Әдебиетте өз жолын ерте айқындаған қаламгердің алғашқы хикаяты 1975 жылы жарық көрді. Содан бері «Аңсау», «Өзімді іздеп жүрмін», «Сағынып жеткен жаз еді» повестері, «Өмір сүргің келсе егер...», «Тау басында түйіскен жол», «Бегство», «Ешқайда бастамайтын баспалдақ», «Мертвые бродят в песках» және басқа да романдардың авторы. Оның кейбір шығармаларында Семей полигоны мен Арал теңізінің зардабы арқау болған. Жазушының пьесалары да сахналарда қойылып келеді.

Жазушының әрнәрсеге өз көзқарасы, өз пайымы бар. Болып жатқан оқиғаларды өзінше қабылдап, өзінше ой қорытады. Шығармалары кең, ауқымды, не жазса да жаһанды тебіренткен сауалдарға жауап іздейді.

Роллан Сейсенбаев 1975-1991 жылдары Мәскеуде КСРО Жазушылар одағында қазақ әдебиеті бойынша жауапты хатшы қызметін атқарды. Осы жылдары ол қазақ жазушылары шығармаларының өзге тілге көптеп аударылуына ұйытқы болды. 

1992 жылы «Ядролық сынақтардың құрбаны — балалар» қорын құрды. Семей полигоны зардабын өз басынан өткерген жазушы сексенінші жылдардың соңында "Дүние тасталқан болған күн" романын жазды. 

1993 жылы «Қазақстан» телерадиокорпорациясында «Абай әлемі» бағдарламасын ашты. 1994-1996 жылдары Қазақстанның сол кездегі президентінің кеңесшісі болды. 1995 жылы Лондонда тәуелсіз «Абай үйі» мәдени орталығын ашты. 2000 жылы Семейде «Халықаралық Абай клубын» және «Аманат» журналын құрды. 2012 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті жанындағы Әлем халықтары әдебиеті институтын және «Халықаралық Абай клубын» басқарды.

2022 жылы Radius және Pegasus Brucke өнер орталықтары тағайындаған «Әлемнің алтын жазушысы» сыйлығына, 2023 жылы Тарас Шевченко атындағы халықаралық сыйлыққа ие болды.

 



评论
其他材料