Алаш қаласында алаштанушыға арналған конференция өтті

138
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/U4MdWfoP8UhTniZF2aP4tzLVgbD6vGAitmE2o8Mv.jpg

Бүгін, 7 қазанда Семей қаласында көрнекті жазушы, абайтанушы, алаштанушы ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Тұрсын Жұртбайдың 75 жасқа толған мерейтойына арналған халықаралық ғылыми-танымдық конференция ұйымдастырылды. Бұл туралы Абай облысы әкімдігінің баспасөз қызметі жазды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

«Қазақ әдебиетіндегі көркем ойлау жүйесі және Тұрсын Жұртбайдың шығармашылық даралығы» тақырыбындағы жиын Абай облысы әкімдігінің қолдауымен, Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Шәкәрім университетінің ұйымдастыруымен өтті. Конференцияға Қазақстан, Түркия және Өзбекстаннан келген әдебиеттанушылар, тарихшылар, абайтанушылар, алаштанушылар және жас зерттеушілер қатысты.

Пленарлық отырыста сөз сөйлеген Абай облысының әкімі Берік Уәли Тұрсын Жұртбайдың қазақ ғылымы мен ұлттық руханиятқа сіңірген еңбегін ерекше атап өтті. Оның айтуынша, ғалым Кеңес дәуірінде зерттеуге тыйым салынған Алаш тарихын ғылыми айналымға енгізіп, алаштану ғылымының қалыптасуына зор үлес қосқан.

Конференция барысында Тұрсын Жұртбайдың әдебиеттану, абайтану, алаштану және әуезовтану салаларындағы ғылыми мұрасы, шығармашылық ерекшелігі мен көркемдік ізденістері жан-жақты талқыланды. Жиында Қазақстан, Түркия және Өзбекстанның белгілі ғалымдары баяндама жасап, жазушы еңбектерінің ғылыми маңызына тоқталды.

Мерейтой иесі Тұрсын Жұртбай конференцияны ұйымдастырушылар мен қатысушыларға алғысын білдірді. Ол бүгінге дейін өзінің 134 кітабы жарық көргенін айтып, еңбектерінің жастар үшін де құнды рухани мұра боларына сенім білдірді.

Іс-шара аясында қаламгердің «Ұлт ақыны. Мағжан Жұмабайдың шығармашылық өмірбаяны» және «Өлгендермен өмір сүремін» атты жаңа кітаптарының тұсаукесері өтті. Сонымен қатар, Шәкәрім университетінің бес студентіне Тұрсын Жұртбай атындағы арнайы стипендия тағайындалып, сертификаттар табысталды.

Мерейтой аясындағы мәдени шаралар жалғасып, Семейде «Тұрсын Жұртбай әлемі» көрмесі ұйымдастырылды. Сондай-ақ Абай музейінде «Алаштың алып тұлғасы» атты әдеби кеш өтеді.

评论