Каспийдегі қайғылы оқиғамен байланыстырылған видео Мароккода түсірілген

192
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/2S7SInoD3Lnk883ukYysRh9lT3f1rveQ1dFuvcwm.webp

Әлеуметтік желілерде теңіз жағасында отырған әйел бейнеленген видео кеңінен тарады. Жазба авторлары кадрларды Каспий теңізіндегі қайғылы жағдаймен байланыстырып, видеодағы әйелді қаза тапқан әскери қызметшілердің бірінің анасы деп көрсеткен. Бұл ақпаратты кейбір бұқаралық ақпарат құралдары да жариялаған. Алайда видеоның Қазақстандағы оқиғаға еш қатысы жоқ.

Nofake сайтының мәліметінше, видеоны түсірген автор кадрлардың нақты қай жерде және қашан түсірілгенін өзі түсіндірді. Оның айтуынша, видео Марокконың Танжер қаласында түсірілген. Кадрдағы әйел – Алжирден келген қыз.

«Сәлеметсіз бе. Иә, кеше видеоны сынақ ретінде жариялап, ұйықтап қалған едім. Таңертең қарасам, пікірлер мен репосттар өте көп екен. Видео Мароккода, Танжер қаласында түсірілді. Кадрдағы әйел – Алжирден келген қыз. Видеомның Қазақстан аудиториясына қалай тарап кеткенін өзім де білмеймін. Қазақстандағы жаңалықтардан хабарсыз едім, ол жақта ешқашан болған емеспін. Сарбаздарыңызға қатысты жағдайға қатты қайғырып отырмын. Көңіл айтамын», – деді видео авторы.

Қайғылы оқиғалар кезінде әлеуметтік желілерде эмоциялық сипаттағы видеолардың тез таралуы жиі кездеседі. Мұндай жағдайда ескі немесе басқа елдерде түсірілген кадрлар бастапқы контекстінен ажырап, оқиғаға қатысы бар материал ретінде ұсынылуы мүмкін.

Еске салайық, 24 қыркүйекте Каспий теңізінде «Хазар Қорғаны – 2026» оқу-жаттығуы барысында ауа райының күрт нашарлауынан 14 әскери қызметшіні теңіз ағысы алып кеткен.

Бұған дейін әлеуметтік желілерде «қаза болған сарбаздың әкесімен соңғы рет сөйлескен видеосы» деген сипаттамамен тараған кадрлар да тексерілген болатын. Кейін видеодағы әскери қызметшінің тірі екені анықталды. Мұны сарбаздың әкесі Талғат Құлмановтың өзі растаған.

Сондай-ақ Қорғаныс министрі Дәурен Қосановтың видеосы да Каспийдегі қайғылы оқиғамен байланыстырылып тарады. Қорғаныс министрлігі бұл кадрлардың былтыр түсірілгенін және қазіргі жағдайға қатысы жоқ екенін мәлімдеді.

Бұдан бөлек, әлеуметтік желілерде ескі видеолар, жасанды интеллект арқылы жасалған материалдар және қазақстандық блогерлерге қатысты манипуляциялық жазбалар да тараған.

评论