Вице-президент Ерлан Қарин Қазақстан Халық Кеңесінің бірінші сессиясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев көтерген бірқатар мәселеге қатысты пікір білдірді.
Оның айтуынша, Президенттің соңғы уақытта сөйлеген сөздерінде қоғамда талқыланатын маңызды мәселелер жиі көтеріліп жүр. Атап айтқанда, тарихқа көзқарас, жаңа әдеттерді қалыптастыру, тазалықты сақтау және қоғамдағы бөлінушілік мәселелері сөз болды.
Ерлан Қарин Мемлекет басшысының ауыл мен қала тұрғындарын бөлуге, адамдарды «асфальтта өскен қазақ», «шала қазақ», «нағыз қазақ» деп жіктеуге болмайтыны туралы пікіріне назар аударды.
Вице-президенттің пайымынша, мұндай түсініктердің бірқатары уақыт өте қалыптасып кеткен және бүгінде қоғамның дамуына кедергі келтіруі мүмкін.
Ол ұлттық бірегейлікті нығайту үшін азаматтарды әлеуметтік немесе тұрмыстық ерекшеліктеріне қарай бөліп-жармай, қоғамның тұтастығына мән беру қажет екенін атап өтті.
«Ұлттық бірегейлік пен бірліктің бірден-бір негізі – тұтастық, яғни азаматтарды бөліп-жармау, жік-жікке бөлмеу», – деді Ерлан Қарин.
Оның айтуынша, Президент көтерген мәселелер ұлттық менталитет пен қоғамдық санада қалыптасқан кейбір көзқарастарды қайта қарау қажеттігін көрсетеді.
