Экс-банкир Жомарт Ертаев бостандыққа шықты

116
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/tef0sWzlyNpBqk9fin9mH23J1rbe3Tb3okZjEwxE.webp

Бұрынғы банкир Жомарт Ертаев сот тағайындаған жазасын толық өтеуіне байланысты бостандыққа шықты. Бұл туралы ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті айтты, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

«Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, аталған сотталған азаматқа қатысты алты жыл мерзімге әкімшілік қадағалау жүргізіледі. Әкімшілік қадағалау – бас бостандығынан айыру орындарынан босатылғаннан кейін адамның мінез-құлқын ішкі істер органдары тарапынан заңда белгіленген тәртіппен бақылау», – делінген хабарламада.

Жомарт Ертаев 1972 жылы Алматы облысында дүниеге келген. 2000-жылдардың басында ол «Альянс Банкті» басқарған, кейіннен БТА Банкте және Еуразиялық банкте қызмет атқарған. Сондай-ақ «Алма-ТВ» және Alma Group компанияларына жетекшілік еткен.

2009 жылы Ертаев «Альянс Банктен» 1,1 млрд АҚШ долларын жымқыру ісі бойынша ұсталған. Тергеу изоляторында тоғыз ай отырғаннан кейін оған шартты жаза тағайындалған.

2020 жылы ол RBK Bank-тен 144 млрд теңге жымқырғаны үшін 11 жылға сотталған. 2021 жылы жаза мерзімі тоғыз жылға дейін қысқартылған.

2025 жылдың күзінде Ертаев рақымшылық аясында шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған болатын. Алайда кейін шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы қаулының күші жойылып, ол қайтадан түзеу мекемесіне қайтарылды.

评论