Тоқаев Xinhua агенттігіне сұхбат берді. Қазақ-қытай цифрлық серіктестігінің болашағы сөз болды

165
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/ol3FfvBIbdpninAQQXcOo1B8tz3cG0BBIALcfirn.jpg

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Синьхуа агенттігіне берген эксклюзивті сұхбатында цифрландыру, жасанды интеллект және жаңа технологиялар саласындағы қазақ-қытай ынтымақтастығының келешегі туралы айтты, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Мемлекет басшысы әлемнің жаңа технологиялық кезеңге қадам басып отырғанын атап өтті.

«Жасанды интеллект, робототехника және автоматтандыру жекелеген салаларды ғана емес, тұтас экономикалық даму моделін өзгертіп жатыр», – деді президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда 2026 жыл Цифрландыру және жасанды интеллект жылы болып жарияланғанын, сондай-ақ Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі құрылғанын атап өтті. Бұдан бөлек, елде «Digital Qazaqstan» жалпыұлттық стратегиясы бекітілген.

Президенттің сөзінше, Қазақстан цифрлық трансформацияны экономиканы және қоғамдық өмірдің барлық саласын жаңғыртудың негізгі құралы ретінде қарастырады.

«Сондықтан цифрландыру саласында Қытаймен ынтымақтастық орнату еліміз үшін аса маңызды. Сіздің еліңіз қуатты технологиялық экожүйе қалыптастырып, жасанды интеллект, робототехника, электронды коммерция және басқа да бағыттар бойынша айтарлықтай жетістіктерге жетті», – деді ол.

Мемлекет басшысы екі ел арасындағы технологиялық әріптестіктің әлеуеті жоғары екенін айтты. Оның пікірінше, өнеркәсіп пен тау-кен өндірісінде жасанды интеллектіні пайдалану, жүргізушісіз көлік, цифрлық медицина, «ақылды қалалар», спутниктік технологиялар, электронды сауда, деректерді өңдеу орталықтары және мемлекеттік қызметтерді цифрландыру бағыттарында бірлескен жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік мол.

Сонымен қатар президент жасанды интеллекттің адамзат игілігі үшін қызмет етуі қажет екенін ерекше атап өтті.

«Біздің пікірімізше, жасанды интеллект технологиялық тұрғыдан дамыған аз ғана мемлекеттің артықшылығына айналмауы тиіс. Сондай-ақ ол геосаяси текетірес пен қысым көрсетудің жаңа құралына айналмауы қажет. Керісінше, адамзаттың ортақ игілігіне қызмет етуі керек. Барлық мемлекет заманауи технологияларға, білімге және есептеу ресурстарына әділ қол жеткізу мүмкіндігіне ие болуы қажет», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы бұл мәселеде Қазақстан мен Қытайдың ұстанымы ұқсас екенін айтты. Ол биыл шілде айында Шанхайда өткен жиында Қазақстанның Жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастық жөніндегі дүниежүзілік ұйымның (WAICO) негізін қалаушы 29 мемлекеттің қатарына енгенін еске салды.

«Бұл – жасанды интеллект саласындағы халықаралық ынтымақтастықты үйлестірудің ашық әрі тиімді жүйесін қалыптастыру жолындағы маңызды қадам», – деді ол.

Одан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның Еуразиядағы цифрлық хабқа айналуды мақсат ететінін айтып, Екібастұз қаласында жүзеге асырылып жатқан «Деректер орталықтары алқабы» жобасының стратегиялық маңызына тоқталды.

Бұған дейін Қазақстанда Қытай капиталымен 9 мыңнан астам компания жұмыс істейтінін жазған едік.

评论