Қазақстан мен Қытай арасындағы экономикалық ынтымақтастық қарқынды дамып келе жатыр. Бұл туралы президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қытайдың Синьхуа ақпарат агенттігіне берген эксклюзивті сұхбатында айтты, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.
Мемлекет басшысының сөзінше, бүгінде Қазақстан аумағында қытай капиталының қатысуымен құрылған 9 мыңнан астам компания табысты жұмыс істеп жатыр.
«Бұл – еліміздегі шетелдік кәсіпорындардың шамамен әрбір жетіншісі деген сөз. Олардың қатарында CNPC, CITIC, Huawei секілді ірі корпорациялар бар. Ал Қазақстан мен Қытай арасындағы өнеркәсіптік кооперация жалпы инвестиция көлемі 62 миллиард доллардан асатын 260 жобаны қамтиды»,–деді президент.
Айтуынша, машина жасау саласы — ынтымақтастықтың ең қарқынды дамып келе жатқан бағыттарының бірі.
«Елімізде бүгінде BYD, Howo, Yutong, Golden Dragon, Shacman, JAC, Jetour және басқа да брендтердің өнімдері шығарылады. Ал өткен жылы Changan, Great Wall Motor және Chery жеңіл автокөліктерін сериялық өндіру жолға қойылды»,– деді ол.
Қасым-Жомарт Тоқаев металлургия саласындағы әріптестікке де тоқталды. Оның сөзінше, «Qarmet» акционерлік қоғамы өндірістік қуаттарды жаңғырту, технологиялық тиімділікті арттыру және негізгі қорларды жаңарту бағытында жетекші қытайлық компаниялармен бірлескен жұмыстар жүргізіп келеді.
Сонымен қатар президент жасыл энергетика саласындағы жобалардың да нәтижелі жүзеге асып жатқанын жеткізді. Бүгінде қытайлық инвесторлардың қатысуымен жалпы қуаты шамамен 1,5 ГВт болатын 29 жоба іске асырылған. Бұдан бөлек, жиынтық қуаты 1,7 ГВт-тан асатын тағы 11 жоба жүзеге асыру кезеңінде тұр.
