Қытайдың Сиань қаласында өтетін XIII Халықаралық Жібек жолы кинофестивалі аясында биыл алғаш рет балалар киносына арналған арнайы бөлім — «Жібек жолы балаларының бірге сапары · Балалар кино маусымы» ұйымдастырылды.
Жаңа бөлімнің басты мақсаты — Жібек жолы бойындағы елдер мен аймақтар балаларының кино және мәдениет саласындағы шығармашылық байланысын нығайтып, балалар киносының дамуына қолдау көрсету.
Биыл аталған байқауға Жібек жолы бойындағы мемлекеттер мен өңірлерден 61 балалар фильмі ұсынылған. 15 академиялық сарапшыдан құралған алдын ала іріктеу комиссиясы туындыларды балаларға тән шынайы көзқарас, оқиғаның әсерлілігі, мәдени ерекшелік, көркемдік деңгей және жаңашылдық секілді негізгі өлшемдер бойынша бағалаған.
Нәтижесінде 61 фильмнің ішінен 15 үздік балалар фильмі таңдалып, финалдық кезеңге жолдама алды.
Олардың қатарында қазақстандық режиссер Жәнібек Нұрбекұлының «ADAM: Нәртәуекел» атты толықметрлі 3D анимациялық фильмі де бар.
Бұл — қазақстандық анимация үшін маңызды жетістік. Фильм енді халықаралық кинофестивальдің соңғы сараптау кезеңінде бақ сынайды.
Жеңімпаздар мен арнайы марапат иелері 23 қыркүйекте өтетін соңғы қазылар алқасының шешімімен анықталып, марапаттау рәсімі сол күні ұйымдастырылады.
"They threatened the businessman and demanded money." A criminal group was arrested in Zhetysu region
