111 жылдық баспасөз: Үрімжідегі «Синьцзян Жибао» музейінен бір үзік сыр

332
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/iyNl6XaJfSFC6JJIxJBX4RUKtHQa5QOOK4PR7RTq.jpg

1915 жылдың қазан айынан «Синьцзян гунбао» атауымен жарық көре бастаған газет 1935 жылдан бері «Синьцзян Жибао» («Xinjiang Daily») атауымен шығып келеді. Ғасырға жуық тарихы бар басылымның Үрімжіде өз музейі бар.

«Синьцзян Жибао» газетінің тарихына арналған музейде қызықты экспонаттар мол. Үрімжіде өткен Орталық Азия коммуникация форумы күндері ғасырдан астам тарихы бар басылымның музейін аралап, талай дерекке қанықтық. Мұндағы әр экспонат – белгілі бір кезең мен дәуірдің куәсі.

Газет шығару ісінде фотосуреттің орны ерекше. Өйткені визуалсыз заманауи баспасөзді елестету қиын. Музейдегі фотоаппараттар мен түрлі құрылғылар да Шыңжаңдағы фотожурналистиканың қалыптасуы мен дамуы туралы сыр шертеді.

Экспозицияны мұқият сақтап, тарихи жәдігерлерді кейінгі ұрпаққа жеткізуге мән беріп отырған музей жұмысы көңілден шықты.

Музей қорында ХХ ғасырдың ортасы мен екінші жартысына тиесілі кәсіби фототехникалар сақталған. Мұнда 1950–1960 жылдары кең қолданылған немістің атышулы Rolleiflex (TLR) және шведтік Hasselblad 500C/M орта форматты камералары, 1970–1980 жылдардағы жапондық Mamiya RB67, Zenza Bronica, панорамалық Widelux F6 және репортаждық Nikon (SLR) фотоаппараттары қойылған.

Сонымен қатар 1950 жылдарға тиесілі түнгі уақытта және ғимарат ішінде түсірілім жасауға арналған қуатты импульстік жарық жүйелері мен түсірілім параметрлерін анықтайтын дәл экспонометрлер де бар.

Экспонаттардың арасында металмен жиектелген ерекше жәшікке көзіміз түсті. Сұрастыра келе, оның редакцияның бағалы құндылықтарын сақтауға арналғаны белгілі болды. Жәшікте Батыс елдері мен Жапониядан алдырылған қымбат оптикалық құралдар, маңызды құжаттар мен негатив-пленкалар сақталған.

Кей кездері бұл жәшік алыс өңірлерге ұйымдастырылған экспедициялар кезінде фототехниканы тасымалдауға арналған сейфтің қызметін де атқарған.

Шыны астында ұқыпты орналастырылған әрбір экспонат – газеттің техникалық эволюциясы мен баспасөз шежіресінің бір бөлігі. Фотоаппараттар мен фототехниканың тарихы арқылы сол кезеңдегі журналистердің еңбек тәсілін, кәсіби мүмкіндіктерін де аңғаруға болады.

Іс-шараны ұйымдастырушылар қатарында Ухань университетінің Журналистика және коммуникация мектебінің Медиа даму зерттеу орталығы мен Халықаралық коммуникацияны зерттеу орталығы болды. Негізгі алаңды Синьцзян университетінің Журналистика және коммуникация мектебі, Орталық Азияны зерттеу институты, Синьцзян халықаралық қоғамдық пікірді зерттеу орталығы және Ұлттық зерттеу платформасы ұсынды.

Журналистика бағдарламасында оқытылатын «Фотожурналистика», «Шетел журналистикасының тарихы» пәндері үшін де бұл музейден бір дәріске жетерлік құнды материал жинақтап қайттық.

Gulmira Sultanbay

评论