Франция Temu және басқа маркетплейстерден сатылатын киімдерге салық енгізді

209
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/tzBC7WbtmPT58uUqdZY5KpfBz6VSWUjDiaxWI9sB.jpg

1 қыркүйектен бастап Францияда «аса жылдам сәнге» (ultra-fast fashion) қарсы күрес шаралары аясында киімге жаңа салық енгізілді. Жаңа салық ең алдымен Temu және Shein сияқты маркетплейстерге қатысты болады.

Қандай компаниялардың «аса жылдам сән» санатына жататыны екі критерий бойынша анықталады: белгілі бір жеткізушінің нарыққа шығаратын киім көлемі және нақты киімнің жөндеу құны.

Осы екі критерий бойынша тексеруден өтпеген сатушылар қосымша салық төлеуге міндеттеледі. Қазірдің өзінде қытайлық Temu, Shein және AliExpress маркетплейстері жаңа талаптардың аясында қалғаны белгілі.

Олар үшін ең төменгі салық мөлшері іш киімге — 0,50 еуро (шамамен 266 теңге), футболкаға — 2 еуро (шамамен 1069 теңге), джинсыға — 9 еуро (шамамен 4782 теңге), ал күртеге — 12 еуро (шамамен 6376 теңге) болады.

2030 жылға қарай бұл салық мөлшері бір киімге 19,50 еуроға (шамамен 10 361 теңге) дейін өсуі мүмкін.

Франция үкіметі жаңа салық елге арзан әрі сапасы төмен киімдердің көптеп келуін тежеуге, сондай-ақ Temu мен Shein секілді қытайлық маркетплейстердің нарықтағы ықпалын шектеуге көмектеседі деп есептейді.

Еуропа елдерінде «аса жылдам сән» мәселесі белсенді талқыланып жатыр. БАҚ мәліметінше, Германия, Швейцария және Еуропалық одақтың басқа да елдеріндегі полигондар Қытайдан келетін арзан әрі сапасыз киімдерге толып барады.

Синтетикалық маталарды қайта өңдеу қиын немесе кей жағдайда мүмкін емес. Ал қоқысқа тасталған көйлектер, шалбарлар мен топтарды қайта жөндеп, пайдалануға жарату да көбіне мүмкін болмайды.

Жылдам сән индустриясы қоршаған ортаның ластануына айтарлықтай үлес қосады. Тоқыма өнеркәсібі әлемдегі парниктік газдар шығарындыларының шамамен 10 пайызына жауап береді.

评论
其他材料