Алматыда «Әділетті қоғамға – шыншыл сөз» кітабын талқылауға арналған жиын өтті

193
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/132NhiqFDTcnz2hRddnlZ2EmZfJJKjUuxhd25g78.jpg

Алматыда Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті қоғамға – шыншыл сөз» атты жаңа кітабын талқылауға арналған дөңгелек үстел өтті. Іс-шара Достық үйінде ұйымдастырылып, оған ғылым, әдебиет және мемлекеттік қызмет салаларының көрнекті өкілдері қатысты.

Сараптамалық кездесуді Алматы қаласы әкімінің орынбасары, саяси ғылымдар кандидаты Абзал Нүкенов жүргізді. Жиынды ашқан ол Президент еңбегінің айрықша құндылығына тоқталып, Мемлекет басшысының ішкі және сыртқы саясат саласындағы терең тәжірибесі кітапта баяндалған әрбір тұжырымға ерекше салмақ беретінін атап өтті. Әкім орынбасарының айтуынша, кітапта басқару ісінде туындайтын көптеген өзекті мәселелерге жауап берілген және маңызды шешімдер қабылдауда сенімді бағдар бола алады. Сондай-ақ ол бұл еңбекті зерделеу мемлекеттік реформалардың логикасы мен елдің тарихи даму жолын тереңірек түсінуге мүмкіндік беретінін атап өтті.

Сөзінің соңында әкім орынбасары негізгі ойды былайша түйіндеді.

– Бұл сөздерді кітап беттеріндегі мәтін күйінде ғана қалдырмауымыз керек деп есептеймін. Оларды түрлі салаларда іс жүзінде қолдану маңызды. Бұл ойлар барлық жастағы адамдарға, әсіресе жастарымыз бен мамандарымызға бағдар бола алады. Сондай-ақ аталған еңбектің жоғары қолданбалық маңызын, оны тәжірибеде қолданудың ерекше құндылығын атап өткен жөн.

Талқылауды белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Нұрлан Оразалин жалғастырды. Ол өз сөзінде саяси көшбасшының халық тағдыры мен қоғамға деген көзқарасының қалыптасуы мен эволюциясы туралы ой-пікірлерімен бөлісіп, мұрағаттарда сақталған тарихи оқиғаларды да еске алды.

– Кітаптан болашақ ел көшбасшысының тәлімгерлік пен өткен жылдардағы оқиғалар арқылы қатаң қағидаттар мен тарихи тәжірибені бойына сіңіргенін көруге болады. Бұл үдеріс оның Қытайдағы қызмет еткен кезінен бастау алады.

1995 жылы «Егемен Қазақстан» газетінде редактор болып жұмыс істеген кезімді еске ала отырып, Қасым-Жомарт Тоқаевтың жауапкершілігінің жоғары болғанын атап өткім келеді. Демократия қалыптасып жатқан кезеңде Сыртқы істер министрі қызметіне келген ол менің өтінішіме бірден құлақ асып, газетімізге арналған бағдарламалық мақаланы жедел дайындап берген еді, – деп естелігімен бөлісті Нұрлан Оразалин.

Дөңгелек үстел аясындағы пікірталаста кездесуге қатысқан басқа да беделді тұлғалар сөз сөйледі. Олардың қатарында академик Зейнеп Базарбаева, Қазақстандағы ПЕН-клуб президенті Бигелді Ғабдуллин, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры Анар Фазылжан және басқа да сарапшылар болды.

Еске салайық, 5 тамызда Мемлекет басшысының 1994 жылдан бүгінгі күнге дейінгі сөйлеген сөздері, баяндамалары мен ой-толғаулары қамтылған ауқымды жинақ жарық көрді. Кітап 21 бөлімнен тұрады. Онда мемлекеттік басқару, заң үстемдігі, цифрландыру, жастар саясаты, экология және «Таза Қазақстан» бастамасы сияқты маңызды тақырыптар қамтылған. Еңбек қазіргі Қазақстан тарихына қызығушылық танытатын қалың оқырманға арналған.

评论
其他材料