Әйел Президент сыйға берген сағатты сатпайтын болды

142
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/a0bU3vmtSFTbudQWA1g3xzm6Tm5WECbrZzs6p3dZ.webp

Қазақстандық тазы өсіруші Анна Захарова Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сыйға тартқан қолсағатын сатудан бас тартты, деп хабарлайды “Адырна” тілшісі. 

Ол сағатты өзі үшін жай ғана бағалы бұйым емес, Президентпен кездесуден қалған ерекше естелік деп санайтынын айтты.

Бұған дейін Анна Захарова Тоқаев сыйға тартқан сағатын сатылымға қойған еді. Оның бағасы 2 миллион 899 мың теңге деп көрсетілген. Сондай-ақ бұйымның түпнұсқалығын растайтын құжаттары бар екені жазылған.

Захарованың айтуынша, Президент оған сағатты 2023 жылы Наурыз мерекесі кезінде сыйлаған. Сол кездесуде тазы өсіруші Мемлекет басшысына бір жарым айлық тазы күшігін тарту еткен. Өз кезегінде Қасым-Жомарт Тоқаев оған қолтаңбасы қойылған сағат сыйлаған.

Алғашында Захарова сағатты тақпайтынын айтып, оны коллекционерлерге сатуды жоспарлаған. Ол уақыт өте келе бұйымның құны артуы мүмкін екенін айтып, алдағы он жылда сағаттың бағасы 30 миллион теңгеге дейін жетуі ықтимал деген болжам жасаған.

Алайда сағаттың сатылымға қойылғаны туралы ақпарат тарағаннан кейін ойын өзгерткен.

«Бұл сыйлықтың мен үшін әрқашан ерекше құндылығы болды. Сағатты алған сәттен бастап оны жай ғана зат ретінде емес, Мемлекет басшысымен жеке кездесуден қалған маңызды әрі ерекше естелік сыйлық ретінде қабылдадым», – деді Анна Захарова.

评论