Оңтүстік Кореядағы жұмыс. Қазақстандықтарды іріктеу талаптары белгілі болды

175
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/5J5EvDePzhmABUJ8FxsMwdaBN9ejcfmfeFSdUOAS.jpg

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Employment Permit System (EPS) жүйесі арқылы Қазақстан азаматтарын Корея Республикасында жұмысқа орналастыру үшін іріктеу тәртібін түсіндірді, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Практикалық іріктеу Алматы қаласында EPS орталығы ашылғаннан кейін басталмақ. Орталықта үміткерлердің корей тілін меңгеру деңгейі EPS-TOPIK тесті арқылы бағаланады. Сонымен қатар олардың кәсіби білімі мен еңбек дағдылары тексеріліп, Кореяға аттанар алдында міндетті дайындықтан өтеді.

Бағдарламаға 18 бен 39 жас аралығындағы Қазақстан азаматтары қатыса алады. Үміткердің сотталмаған болуы, бұрын Кореядан күштеп шығарылмауы, елге кіруге тыйым салынбауы және шетелге шығуға шектеулерінің болмауы талап етіледі. Іріктеу барысында білім деңгейі, еңбек өтілі мен кәсіби сертификаттары да ескеріледі.

Барлық кезеңнен сәтті өткен азаматтар ресми жұмыс іздеушілер тізіміне енгізіледі. Алайда министрлік бұл тізімге ену Кореяда автоматты түрде жұмысқа орналасуға кепілдік бермейтінін атап өтті. Соңғы шешімді кореялық жұмыс беруші қабылдайды және қажетті қызметкерді тіркелген кандидаттардың арасынан өзі таңдайды.

EPS жүйесі бойынша Қазақстан азаматтарын жұмысқа қабылдау көлемі жыл сайын Корея тарапы белгілейтін квотаға сәйкес анықталады.

Жұмыс беруші үміткерді таңдаған жағдайда еңбек шарты ұсынылады. Құжатқа қол қоймас бұрын қызметкерге еңбек міндеттері, жұмыс уақыты, еңбек жағдайлары және өзге де талаптар түсіндіріледі.

Бағдарлама аясында жұмыс істеу мерзімі үш жылға дейін белгіленеді. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес бұл мерзім қосымша бір жыл он айға дейін ұзартылуы мүмкін.

Министрлік азаматтарды тек ресми ақпарат көздеріне сенуге шақырып, жұмысқа орналастыруға кепілдік береміз немесе іріктеуден тыс өткіземіз деп уәде беретін делдалдарға ақша мен құжат тапсырмауға кеңес берді.

Тіркеудің басталу мерзімі, құжат қабылдау тәртібі, EPS-TOPIK тестінің өткізілу уақыты және іріктеудің өзге кезеңдері туралы ақпарат министрліктің ресми ресурстарында қосымша жарияланады.

评论