Жалған неке арқылы ақша алған. Маңғыстауда шекара қызметінің подполковнигі сотталды

84
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/IeYA5gmyVlTmoqf2gv4VVFapWiusLjYo8XB0IOBB.jpg

Маңғыстауда ҰҚК Шекара қызметінің қызметкері жалған неке арқылы мемлекеттен 50 млн теңге көлемінде тұрғын үй төлемдерін алғаны үшін сотталды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы Диапазонға сілтеп.

Сот алдында Маңғыстау облысы бойынша Шекара қызметі департаментінің контрбарлау және барлау қызметі басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі, 45 жастағы А.К. жауап берген. Ол алаяқтық жасады және мемлекеттік төлем алу мақсатында отбасы құрамын жасанды түрде көбейтті деп айыпталған. Іс материалдарына сәйкес, әскери қызметші әйелінің туысының жұбайын ажырасып, өзімен некеге тұруға көндірген. Ол әйелге 3 млн теңге беруге уәде берген. Төрт баланың анасы ұсынысқа келісіп, күйеуімен ажырасып, әскери қызметшімен некесін ресми түрде тіркеген.

Осыдан кейін ер адам әйелдің төрт баласының туу туралы куәліктерін нотариус арқылы растатып, өзге де құжаттармен бірге Шекара қызметінің тұрғын үй комиссиясына тапсырған. Құжаттар негізінде бірнеше айдан кейін оның банк шотына отбасы құрамын ескере отырып, 50 млн теңге көлемінде тұрғын үй төлемі аударылған. Кейін әскери қызметші бауырына тиесілі пәтерді сатып алу туралы шарт рәсімдеген. Нәтижесінде «сатушының» шотына 50,5 млн теңге түскен. Қаражат кейін қолма-қол ақшаға айналдырылып, басқа банктегі әскери қызметшінің шотына қайта аударылған. Оның 3 млн теңгесін ол жалған некеге тұрған әйелге берген. Кейін олардың некесі бұзылған.

Сот отырысында айыпталушы кінәсін мойындамаған. Ол әйелмен чат арқылы танысқанын және олардың арасында қарым-қатынас орнағанын айтқан. Оның сөзінше, неке шынайы болған, алайда ерлі-зайыптылар бірге тұрмаған, себебі әйелдің балалары мектепті аяқтағанша күткен. Сондай-ақ сотталушы тұрғын үй төлемдерін заң талаптарына сәйкес алғанын мәлімдеген. Оның айтуынша, кейін бірінші әйелі жүкті болғанын жаңа жұбайы білгеннен кейін араларында түсініспеушілік туындап, неке бұзылған. Кейін ол бірінші әйелімен қайта некелескен.

Алайда төрт баланың анасы сотта айыпталушымен жақын қарым-қатынаста болмағанын және бірге тұрмағанын айтып, некенің жалған болғанын растаған. Оның сөзінше, некені рәсімдеуге оны айыпталушы мен оның әйелі көндірген. Әйел бастапқыда бұл әрекет олардың зейнетақы жинақтарын алуына қажет деп ойлаған. Ол 50 млн теңге көлеміндегі тұрғын үй төлемі туралы тергеу барысында ғана білгенін айтып, кейін әскери қызметшіге қатысты арыз жазған. Әйел өзіне «көмегі үшін» 3 млн теңге берілгенін және бұл қаражатты қарыздары мен несиелерін өтеуге жұмсағанын растаған.

Әскери сот некенің жалған екенін анықтап, мемлекеттік қаражатты алу әрекетін алаяқтық деп таныған. Сот А.К.-ны алты жылға бас бостандығынан айырды. Сонымен қатар оған мемлекетке келтірілген шығынды өтеу міндеттелді. Бұдан бөлек, сот үкімімен ол подполковник әскери атағынан айырылуға тиіс.

Сот үкімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.

评论