Алматыда Сейфуллин даңғылы бойында екі жүргізуші арасында болған жанжалдан кейін қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Оқиғаға қатысты бейнежазба әлеуметтік желілерде тараған.
Оқиға Forum сауда орталығының маңында болған. Әлеуметтік желіде тараған кадрлардан қара түсті ROX 01 көлігінің жүргізушісі жолға қосылып, кері бұрылуға әрекет жасағаны көрінеді. Осы кезде негізгі жолмен келе жатқан басқа көлік оған жол бермеген. Кейін көлік жүргізушілері арасында жанжал туындаған. Бейнежазбада ROX 01 жүргізушісінің екінші көліктің жүргізушісін тоқтатқаны, көліктен түскен ер адамға соққы жасағаны байқалады. Соққыдан кейін ер адам жерге құлаған.
Алматы полиция департаментінің мәліметінше, оқиғаға қатысты Бостандық аудандық полиция басқармасы дене жарақатын келтіру фактісі бойынша қылмыстық істі тергеп жатыр.
Полиция оқиғаның бірнеше апта бұрын болғанын хабарлады. Қазіргі уақытта жанжалға қатысушылардың барлығы анықталған. Олармен қажетті процессуалдық іс-шаралар жүргізіліп жатыр. Тергеу қорытындысы бойынша қатысушылардың әрекеттеріне құқықтық баға беріледі.
