125 жылға сотталған қазақстандықтың ісі. СІМ мән-жайды айтты

114
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/yaR4qIZKZUE4U5P1gFlZWPAiLiqOQtwFucmTCraU.webp

Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Грекияда жазасын өтеп жатқан қазақстандық азаматқа қатысты жағдайға түсініктеме берді, деп хабарлайды “Адырна”.

Ведомствоның мәліметінше, азамат Грекия сотының шешімімен заңсыз мигранттарды тасымалдағаны үшін кінәлі деп танылып, сотталған. Грекия заңнамасына сәйкес, мұндай қылмыс аса ауыр санатқа жатады.

«Грекиядағы біздің дипломаттар өз құзыреті шеңберінде азаматқа қажетті консулдық-құқықтық көмек көрсетіп жатыр. Бұл мәселе министрліктің бақылауында», – деді ведомствоның ресми өкілі Ерлан Жетібаев.

Еске салайық, бұған дейін Ақтөбе қаласының тұрғыны Нұрхан Қадырова ұлының ісіне байланысты Қазақстанның Сыртқы істер министрлігінен көмек сұраған болатын. Анасының айтуынша, оның ұлы екі жылға жуық уақыттан бері Грекия түрмесінде отыр және сот оны 125 жылға бас бостандығынан айырған.

Әйелдің сөзінше, ұлы шетелге кетер алдында бұл туралы жақындарына айтпаған. Кейін оның Түркияға жұмысқа кеткені белгілі болған. Біраз уақыт өткен соң, жас жігіт Грекия түрмесінен хабарласқан.

Анасының мәлімдеуінше, ұлы Instagram әлеуметтік желісіндегі жұмыс туралы хабарландыруға сеніп, жол ақысы төленетін және туристермен жұмыс істеу ұсынылған қызметке келіскен. Алайда кейін ол заңсыз мигранттарды тасымалдау ісіне тартылған болуы мүмкін.

Нұрхан Қадырова ұлының қылмыстық схеманы ұйымдастырмағанын, керісінше, алдау құрбаны болғанын айтады.

评论