Қарағанды облысында 14 теміржол вокзалы мен жолаушылар платформасы жаңғыртылды

180
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/ZUEhAXV8xaZ0sYSYO0rjnXya3pV7xkQLvs0rjRmW.jpg

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Қазақстан темір жолы» компаниясы жүзеге асырып жатқан теміржол инфрақұрылымын ауқымды жаңғырту жұмыстары аясында Қарағанды облысындағы 14 теміржол вокзалы мен жолаушылар платформасы қамтылды.

Бағдарлама көлік қызметінің сапасын арттыруға, жолаушылар үшін заманауи әрі қауіпсіз жағдай жасауға, сондай-ақ жүріп-тұруы шектеулі азаматтардың инфрақұрылым нысандарына қолжетімділігін қамтамасыз етуге бағытталған.Бүгінде жаңғыртылған 11 нысан пайдалануға берілді. Жолаушылар Нұра, Қарағанды-Сұрыптау, Жаңа Қарағанды, Сарыбел, Мырза, Дәрия, Ағадыр және Мойынты стансаларындағы жөндеуден өткен вокзалдарды,

сондай-ақ Айса, Теміртау және Қарағанды-Сұрыптау стансаларындағы жаңартылған жолаушылар платформаларын пайдаланып жүр. Ал Жарық, Балқаш-2 және Сарышаған стансаларындағы жұмыстар аяқталу сатысында.

Әрбір нысанды реконструкциялау кешенді жаңғыртуды көздейді. Оның аясында ғимараттар мен платформаларға күрделі жөндеу жүргізіліп, инженерлік коммуникациялар, соның ішінде сумен жабдықтау, жылумен қамту, электрмен жабдықтау және кәріз жүйелері толық ауыстырылуда. Сондай-ақ ғимараттардың қасбеттері мен ішкі бөлмелері, күту залдары, санитарлық тораптар, жарықтандыру жүйесі, жиһаздар мен навигациялық көрсеткіштер жаңартылып, вокзал маңы аумақтары мен жолаушылар перрондары абаттандырылуда.

Жобада кедергісіз орта қалыптастыруға ерекше назар аударылған. Вокзалдарда пандустар орнатылып, қолайлы санитарлық бөлмелер мен мүмкіндігі шектеулі жолаушыларға және балалы отбасыларға арналған күту орындары жабдықталған. Бұл теміржол инфрақұрылымын халықтың барлық санаты үшін барынша қолжетімді әрі жайлы етуге мүмкіндік береді.

Жаңғыртылған нысандардың бірі – 1965 жылы салынған Қарағанды-Сұрыптау стансасының вокзалы. Ұзақ жылдар бойы пайдаланылған ғимарат күрделі жаңартуды қажет еткен болатын. Қазіргі таңда бұл станция арқылы 21 жолаушылар пойызы қатынайды. Жүргізілген реконструкция нәтижесінде жолаушыларға заманауи жағдай жасалып, жайлылық пен қауіпсіздік деңгейі едәуір артты.

Теміртау қаласының Ақтау кентіндегі Мырза стансасының вокзалы да айтарлықтай жаңарды. Мұнда шатыр, қасбет, ішкі бөлмелер, инженерлік желілер, перрон мен аралдық платформа толық жаңартылып, жаңа жарықтандыру жүйесі мен қоршаулар орнатылды.

Дәрия стансасының вокзалы да заманауи келбетке ие болды. Онда күту залдары, желдету және кондиционерлеу жүйелері, ақпараттық стендтер, қызметтік бөлмелер, сондай-ақ жүріп-тұруы шектеулі жолаушыларға арналған инфрақұрылым жаңартылды.

Осакаров ауданындағы Сарыбел стансасының вокзалы да күрделі жөндеуден кейін қайта ашылды. 

Мұнда ғимарат толық жөндеуден өткізіліп қана қоймай, инженерлік желілер жаңғыртылды, вокзал аумағы абаттандырылды, жолаушылар үшін жайлы жағдай жасалып, кедергісіз орта қамтамасыз етілді.

评论