Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша: Кендірлі әуежайының құрылысы белгіленген кестеге сәйкес жүргізілуде

171
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/jUilTydiOGgjTrjpLxM545ZX0Z9vVCIrIkNxjYxx.jpg

Маңғыстау облысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан стратегиялық маңызы бар инфрақұрылымдық жоба – Кендірлі жаңа әуежайының құрылысы белгіленген кестеге сәйкес жалғасуда.

 Жаңа әуе айлағы өңірдің көлік-логистикалық және туристік әлеуетін арттыратын негізгі даму нүктелерінің біріне айналмақ. Ол Кендірлі курорттық аймағына тікелей әуе қатынасын қамтамасыз етіп, инвестиция тартуға, кәсіпкерлікті дамытуға және туристер ағынын ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Әуежай кешенінің негізгі нысандары бойынша жұмыстар қарқынды жүргізілуде. Атап айтқанда, ұшу-қону жолағының дайындығы – 71,8 пайыз, перронның – 63,2 пайыз, рульдеу жолының – 66,1 пайыз, жолаушылар терминалының – 51,7 пайыз. Сонымен қатар инженерлік инфрақұрылым құрылысы қатар атқарылуда. Сыртқы газ құбырының құрылысы 95 пайызға, сумен жабдықтау желілері 80 пайызға, сыртқы байланыс желілері 100 пайызға, электрмен жабдықтау желілері 85 пайызға орындалды.

Құрылыстың үздіксіз жүргізілуін қамтамасыз ету үшін қажетті материалдық-техникалық ресурстар толық жұмылдырылған. Қазіргі уақытта нысанда 132 арнайы техника жұмыс істейді. Оның 82-сі құрылыс алаңында еңбек етсе, тағы 50 техника инертті материалдарды үздіксіз жеткізуді қамтамасыз етуде. Құрылыс жұмыстарына күн сайын 290 маман тартылған.

Жоба кешенді түрде жүзеге асырылуда және оның орындалу барысы тұрақты бақылауда. Құрылыстың барлық төрт кезеңі бойынша әзірленген жобалық-сметалық құжаттама мемлекеттік сараптамадан өтіп, оң қорытынды алған. Қазіргі таңда жолаушылар терминалының, әуеайлақ инфрақұрылымы нысандарының және инженерлік желілердің құрылысы қарқынды жүргізілуде. Бұл өз кезегінде жобаны іске асыру қарқынын тұрақты деңгейде сақтауға мүмкіндік беріп отыр.

Әуежай пайдалануға берілгеннен кейін өңірдің көлік әлеуеті айтарлықтай артады. Маңғыстау облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының мәліметінше, ішкі және халықаралық бағыттар бойынша тоғыз жаңа әуе бағытын ашу жоспарланып отыр. Ішкі рейстер Астана, Алматы, Ақтөбе, Атырау, Орал және Қызылорда қалаларына қатынайтын болса, халықаралық рейстер Нүкіс, Баку және Астрахань қалаларына ашылады. Бұл бағыттар өңірдің көлік байланысын жақсартып, тұрғындар мен туристер үшін қолайлы логистикалық мүмкіндіктер қалыптастырады. Сонымен қатар Кендірлінің Каспий теңізі жағалауындағы туризм мен іскерлік белсенділіктің жаңа орталығы ретіндегі әлеуетін күшейтеді.

Кендірлі әуежайының құрылысы – Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес көлік инфрақұрылымын дамытуға, елдің транзиттік әлеуетін нығайтуға және экономикалық өсудің жаңа нүктелерін қалыптастыруға бағытталған жүйелі жұмыстың маңызды бөлігі. Жоба аяқталғаннан кейін Кендірлі курорттық аймағымен тікелей әуе қатынасы қамтамасыз етіліп, өңірдің туристік тартымдылығы артады. Сонымен қатар Батыс Қазақстанның логистикалық мүмкіндіктері кеңейіп, жаңа жұмыс орындары ашылып, Маңғыстау облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін береді.

Кендірлі әуежайының құрылысын 2026 жылдың соңында аяқтау жоспарланып отыр.

评论
其他材料