Саяси дода қыза түсті: партиялар арасындағы тартыс күшейді

112
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/qIKbntFd86MOh4VSPgpJo37TJMbtJXC5b6KPqUmx.jpg

23 тамызда Қазақстанда жаңа Конституцияға сәйкес алғаш рет Құрылтай депутаттарының сайлауы өтеді. Бұл науқанның ерекшелігі – жаңа заң шығару органын қалыптастыру ғана емес, саяси партиялар арасындағы бәсекенің бұрынғыдан да ашық сипат ала бастауы. Бұған дейінгі сайлауларда партиялық съездер көбіне кандидаттарды бекітіп, бағдарламаларды таныстыру рәсімі ретінде қабылданса, биыл олар саяси пікірталастың алғашқы алаңына айналды.

Бір аптаның ішінде сайлауға қатысатын жеті партия съездерін өткізіп үлгерді. Сол жиындарда бағдарламалар ғана емес, қарсыластарға бағытталған ашық әрі астарлы сын да айтылды. Осылайша партиялар сайлауалды үгіт-насихат ресми басталмай тұрып-ақ ақпараттық кеңістікте өзара бәсекеге көшті.

2026 жылғы 1 шілдеде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Құрылтай депутаттарының сайлауын 23 тамызға тағайындау туралы Жарлыққа қол қойды. Жаңа Конституцияға сәйкес заң шығару қызметін жүзеге асыратын жоғары өкілді орган – Құрылтай құрылды. Оның 145 депутаты алғаш рет толықтай партиялық тізім бойынша сайланады. Мұндай жүйе партиялардың жауапкершілігін де, электорат үшін күресін де күшейтті.

Саясаттанушы Асхат Қасенғалидің айтуынша, съездер аяқталғаннан кейін қоғамда қай партия қандай электоратқа сүйенетіні және қандай бағытқа басымдық беретіні туралы талқылау күшейді.

Оның пікірінше, «Ауыл» партиясы дәстүрлі түрде агроөнеркәсіп кешені мен ауыл тұрғындарының мәселесіне басымдық береді. Ал «AQ JOL» кәсіпкерлердің мүддесін қорғауды жалғастырады.

«Әділет» партиясы саяси алаңға жаңадан шыққанымен, бағдарламасында экономикалық және саяси реформаларды жалғастыруға басымдық берілген. 

Respublica цифрландыру, кәсіпкерлік және мемлекеттік басқаруды жаңғырту тақырыптарын алға шығарып, негізінен орта жастағы әрі экономикалық белсенді азаматтарға сүйенеді. 

«Байтақ» партиясы экологиялық мәселелерді негізгі бағыт ретінде ұстанып келеді. Дегенмен оның съезінде ішкі келіспеушіліктердің байқалуы қоғам назарын аударды. Асхат Қасенғали мұндай жағдайдың сайлау алдында партия үшін қосымша сын екенін айтып, сонымен бірге парламентте болмаған саяси күш ретінде «Байтақтың» өз қарсыластарының бұрынғы жұмысын сынауға мүмкіндігі көбірек екенін атап өтті.

Қазақстан Халық партиясы әлеуметтік теңсіздік, зейнеткерлер мен әлеуметтік осал топтардың мәселесін көтеруді жалғастырып келеді. Алайда сарапшының пікірінше, партияға жаңа коммуникациялық тәсілдер мен тың идеялар қажет. Өйткені қазіргі сайлауда бағдарламаның мазмұны ғана емес, оны қоғамға жеткізу әдісі де шешуші рөл атқарады.

«Қазіргі сайлауда бағдарламаның мазмұны ғана жеткіліксіз. Оны халыққа дұрыс жеткізу де маңызды. Сондықтан партиялар әлеуметтік желідегі белсенділікті күшейтіп, заманауи коммуникация құралдарын тиімді пайдалануға мәжбүр болады. Бүгінгі саяси бәсекеде ақпараттық жұмыс шешуші факторлардың біріне айналып отыр», – деді саясаттанушы Асхат Қасенғали. 

Орталық сайлау комиссиясы жеті саяси партияны Құрылтай депутаттарының сайлауына қатысуға жіберді. Олар – «AQ JOL», «Ауыл», «Әділет», Жалпыұлттық социал-демократиялық партия, «Байтақ», Қазақстан Халық партиясы және Respublica. Қазір барлық партия кандидаттарының тізімін ұсынып үлгерді. Бұл енді негізгі тартыстың бағдарламалар мен идеялар ғана емес, қоғамдық пікір үшін де жүретінін аңғартады.

Кейінгі съездерде әртүрлі саяси күштер қарсыластарының идеологиялық бағытын, коммуникация тәсілдерін немесе тәжірибесін сынауға көшті. Нәтижесінде бірнеше күн ішінде партияаралық пікірталас тұтас саяси трендке айналды. 

Қоғам қайраткері Рустам Қайыриевтің пікірінше, партиялар арасындағы өзара сын кездейсоқ емес, бұл қоғам назарын аудартудың тиімді технологиясына айналып отыр.

«Партиялардың бір-біріне қарата айтқан мәлімдемелері тұтас бір саяси сериалға айналды. Бұл әлеуметтік желілерде де, бұқаралық ақпарат құралдарында да қызу талқыланды. PR тұрғысынан қарасақ, бұл өте сәтті қадам болды. Бұрын мұндай назар аударту үшін миллиондаған қаржы жұмсалатын. Қазір креатив пен әлеуметтік желілердің көмегімен үлкен ақпараттық серпіліс жасауға болады», – дейді. 

Сондықтан съездердегі өзара сын қоғамдық талқылауды күшейтіп, партиялардың бағдарламаларына деген қызығушылықты арттырды.

Сарапшының пікірінше, кандидаттар тізімі де жеке талқылау тақырыбына айналды. Реперлер, спортшылар, блогерлер, бұрынғы министрлер, кәсіпкерлер мен журналистердің партиялық тізімнен орын алуы әлеуметтік желілерде қызу пікірталас туғызды. 

Дегенмен ол мұны бірден болашақ депутаттардың құрамы ретінде қабылдамауға шақырады. 

«Съездер аяқталғанымен, негізгі саяси бәсеке енді басталады. Үгіт-насихат кезеңінде партиялар бағдарламаларын ғана емес, бір-бірінен артықшылықтарын дәлелдеуге де күш салады», – дейді сарапшы. 

Рустам Қайыриев сондай-ақ кандидаттар саны мен бағдарламалардың ауқымына қарап, кейбір партиялардың саяси амбициясын бағалауға болатынын айтады. Оның пікірінше, ең ірі кандидаттар тізімін ұсынған «Әділет» партиясы саяси көшбасшылыққа ашық түрде үміткер екенін байқатты. 

Ал Respublica өзін жас әрі іскер буынның партиясы ретінде көрсетсе, «AQ JOL», «Ауыл» және Қазақстан Халық партиясы қалыптасқан электоратына сүйеніп келеді. Сонымен бірге ол ЖСДП мен «Байтаққа» қоғамдық коммуникацияны күшейту қажеттігін де атап өтті.

Саясаттанушы Нұрхат Ораштың айтуынша, партиялық тізімдердің жариялануы сайлау науқанының маңызды кезеңін аяқтады. Енді қоғам әр партияның бағдарламасы мен кандидаттарын салыстырып, өз таңдауын жасауға мүмкіндік алады.

«23 шілдеден бастап ресми үгіт-насихат кезеңі басталады. Осы уақыттан бастап партиялар заң аясында өз бағдарламаларын халыққа таныстырып, қоғамдық пікірталастарға қатысады. Алдағы үгіт-насихат кезеңі саяси бәсекелестіктің, ашық пікір алмасудың және демократиялық мәдениеттің көрінісі болуы тиіс. Ал шешуші сөз – халықтікі», – дейді Нұрхат Ораш. 

Сарапшы бұл кезеңнің ашық саяси бәсеке мен демократиялық пікір алмасудың көрінісі болуы маңызды екенін атап өтті.

Журналист Нұргелді Әбдіғанидің айтуынша, биылғы Құрылтай сайлауының басты ерекшеліктерінің бірі – партиялардың кандидат іріктеу тәсілінен байқалады. Бұл жолы партиялар кәсіби саясаткерлермен ғана шектелмей, қоғамға танымал мәдениет, спорт және медиа өкілдерін де өз қатарына қосты.

«Бұл жолғы Құрылтай сайлауы тек кәсіби саясаткерлер, заңгерлер мен экономистердің ғана емес, елге танымал мәдениет, шоу-бизнес және спорт өкілдерінің де бақ сынайтын алаңына айналып отыр. Партиялар осылайша әртүрлі аудиторияның назарын аударып, электорат аясын кеңейтуге ұмтылуда», – дейді журналист.

Оның пікірінше, әр партия өзінің дәстүрлі идеологиялық бағытын сақтай отырып, белгілі бір әлеуметтік топтың қолдауына ие болуға күш салып отыр.

«Әр партия өзінің идеологиялық бағытын айқындап алды. Бірі кәсіпкерлік пен цифрландыруға, енді бірі ауыл шаруашылығы мен әлеуметтік саясатқа, тағы бірі құқықтық реформалар немесе экология мәселесіне басымдық беріп отыр. Бұл алдағы сайлауда бағдарламалар арасындағы бәсекені күшейтеді», – дейді Нұргелді Әбдіғани.

Сарапшының айтуынша, Қазақстан Халық партиясы әлеуметтік әділеттілік пен еңбек адамының құқығын қорғауға басымдық берсе, Жалпыұлттық социал-демократиялық партия әлеуметтік реформалар тақырыбын көтеріп келеді. Ал «Әділет» партиясы құқықтық реформалар мен өңірлік дамуды негізгі бағыттарының бірі ретінде ұсынып отыр. «Байтақ» партиясы болса экологиялық күн тәртібін алға шығарып келеді.

«Партиялық тізімдердің толық жасақталуы сайлауалды дайындықтың негізгі кезеңі аяқталғанын білдіреді. Енді негізгі күрес үгіт-насихат барысында өтеді. Құрылтайдың 145 мандаты үшін тартыс партиялардың бағдарламасы, коммуникациясы және сайлаушымен жұмыс істеу тәсілі арқылы айқындалады», – дейді журналист.

Съездер көрсеткендей, биылғы сайлау бағдарламалар сайысы ғана емес, ақпараттық ықпал үшін күреске де айналып барады. Партиялар енді тек өз ұсыныстарын таныстырып қоймай, өз бағдарламаларының ерекшеліктерін көрсету және өзге саяси ұсыныстармен мазмұндық айырмашылықтарын айқындау арқылы да электораттың назарын аударуға тырысуда. 

Сондықтан 23 тамызға дейінгі кезеңде партиялардың бағдарламалық бәсекесі мен сайлаушылар үшін күресі одан әрі жандана түсуі ықтимал. Құрылтай депутаттарының алғашқы сайлауы саяси партиялардың жауапкершілігі мен қоғамдық қолдау деңгейін айқындайтын маңызды электоралдық кезең болмақ.

评论
其他材料