Министрлік өкілі АҚШ визасы туралы сұрақтарға жауап берді

182
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/RrHDzaXCfZdnLQOgiJanjRhmESAzhEkf2tWzELyq.jpg

Сыртқы істер министрлігі қазақстандықтардың АҚШ визасын алу кезінде жиі кездесетін бас тарту себептеріне түсініктеме берді. Ведомствоның ресми өкілі Ерлан Жетібаевтың айтуынша, визаны беру немесе бермеу туралы шешімді АҚШ тарапы қабылдайды. Егер өтініш беруші барлық қажетті құжаттарды талапқа сай ұсынып, заң талаптарын бұзбаса, виза алу мүмкіндігі жоғары болады, деп хабарлайды "Адырна".

«Егер құжаттарда қандай да бір кемшілік болса, азаматтан қосымша мәлімет немесе құжат сұралады. Олар ұсынылғаннан кейін, менің білуімше, көп жағдайда виза мақұлданады», – деді Ерлан Жетібаев.

СІМ өкілінің сөзінше, визадан бас тартудың негізгі себептерінің бірі – құжаттарды рәсімдеу кезінде жіберілетін техникалық қателіктер.

«Бұл көбіне құжаттардың талаптарға сәйкес келмеуімен байланысты. Кейде анкета толтыруда, сақтандыру рәсімдеуде немесе жол жүру билеттерін ұсынуда қателіктер болады. Әрбір жағдай жеке қаралады», – деп түсіндірді ол.

Сондай-ақ Жетібаев Қазақстандағы АҚШ консулдықтарына жүгінетін Ресей азаматтарының визаны жиі алатыны туралы ақпаратты жоққа шығарды.

«Мұндай мәлімет жоқ. АҚШ елшілігі тарапынан да мұндай статистика немесе ресми ақпарат жарияланған жоқ», – деді СІМ өкілі.

Бұған дейін ҚР СІМ бірінші вице-министрі Ержан Ашықбаев қазақстандықтардың шамамен 45–46 пайызына АҚШ визасын алуға өтініш бергенде бас тартылатынын мәлімдеген болатын.

Сондай-ақ СІМ Еуропалық одақ елдерінің визаларын қарау мерзімінің ұзаққа созылу себептерін түсіндіріп, ЕО-мен визалық режимді жеңілдету бойынша жүргізіліп жатқан келіссөздер туралы да ақпарат берген еді.

评论