Қырғызстан Қазақстанға шекарадағы жер телімдерін айырбастауды ұсынды

96
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/HfkhcJ03NSffWrkenmdj9kzp6ghuQwUV6qkioSnO.webp

Қырғызстан Қазақстанмен шекарадағы жер телімдерін тең дәрежеде айырбастау туралы ұсыныс жасады, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы. 

Бұл туралы Қырғызстан президентінің баспасөз хатшысы Асқат Алагөзов мәлімдеді.

Оның айтуынша, Бішкек тарапы Қазақстанға Тоқмақ қаласы маңындағы жолдың 800 метрлік учаскесіне қатысты жер алмасу жөнінде ұсыныс жолдаған.

Алагөзовтің сөзінше, аталған жоба жүзеге асқан жағдайда Алматы көшесінен Кемин қаласына дейінгі ұзындығы шамамен 150 шақырым болатын ақылы автомагистраль салуға мүмкіндік туады. Жаңа жол өңірдегі көлік қатынасын жақсартуға бағытталған.

Қырғызстан президентінің өкілі шекараны делимитациялау мен демаркациялау мәселелерінде Өзбекстанмен арадағы тәжірибені мысалға келтірді. Оның айтуынша, жүргізілген келіссөздер нәтижесінде бұрын Өзбекстанның Ферғана облысына қараған Шоңқара және Таш-Төбе ауылдары Қырғызстан құрамына өткен.

Қазіргі таңда бұл елді мекендерде шамамен 2,5 мың адам тұрады. Тұрғындардың басым бөлігі – этникалық қырғыздар. Тиісті тіркеу рәсімдері аяқталғаннан кейін олар Қырғызстан азаматтығын алу мүмкіндігіне ие болады.

Өз кезегінде Қырғызстан Өзбекстанға шекара маңындағы тең дәрежелі жер телімдерін берген. Сонымен қатар екі ел Баткен облысындағы Сай мен Таян ауылдарын байланыстыратын жол құрылысы үшін 236 гектар жерді өзара айырбастаған. Нәтижесінде Айдаркеннен Баткенге дейінгі жол ұзақтығы 225 шақырымнан 55 шақырымға дейін қысқармақ.

评论