Алтайлық Аруна Арна. Белсенді «терроризм» айыбы бойынша жазаға кесілді

152
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/sTlt7qfzUgWr3kBokvoB0NcqtmUSmS64vUPVQPJe.jpg

Ресейдің Екінші Шығыс округтік әскери соты Алтай белсендісі Аруна Арнаға терроризмге шақыру ісі бойынша бес жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Бұл туралы «Медиазона» жазды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Аруна Арна былтыр Алтайда муниципалдық реформаға қарсы акциялар ұйымдастырған. Сонымен қатар аймақ губернаторы Андрей Турчактың отставкаға кетуін талап еткен. Ол өткен жылдың қыркүйегінде ұсталған.

«Голос Алтая» арнасының мәліметінше, іс қозғауға оның телеграм-арнасында «Варшавянка» және «Интернационал» сынды революциялық әндердің жариялануы себеп болған. Бұл әндерге тыйым салынбағанымен, билік оларды «терроризмге шақыру» деп бағалаған.

2026 жылдың сәуірінде жарияланған үндеуінде Арна «тарихи маңызы бар, белгілі бір саяси көзқарастарды білдіретін шығармаларды орындау құқықбұзушылық болып саналмайды» деп атап өткен.

«Интернационал» және «Варшавянка» мәтіндерінде президент Владимир Путинді, қазіргі Ресейді, депутаттарды немесе күштік құрылымдарды тікелей атап өту жоқ. Бірақ осы әндер үшін қамауда отырмын және әскери сот мені террорист ретінде соттап жатыр. Бұл дәл қазір Конституция бойынша құқықтық әрі демократиялық мемлекет болуы тиіс елде болып жатыр», – деді ол.

Арна өзін «Алтайдың халықтық көшбасшысы» деп атайды. Ол – Ресей билігін сынайтын қоғам белсендісі әрі конспиролог Светлана Лада-Русьтің (Пеунова) жақтаушысы. Оның ұйымдастырған наразылық акцияларына жүздеген адам қатысқан. Бұған дейін SOTAvision басылымы Аруна Арнаны билікке қарсы мыңдаған қол жинап, Андрей Турчактың отставкасын талап ететін құжаттарды Мәскеуге апару үшін ұшпақ болған күні ұстағанын жазған.

Еске салайық, былтыр алтайлық белсендінің террористер тізіміне енгенін жазған едік.

评论
其他材料