Марқұмдардың адвокаттан бас тартқан туыстары Пакқа кешірім берді, шартты жаза сұрады

128
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/Wm9oHCDxB0YOOZSk4ITNEPmzjxtMHHUIYaaUwxPy.jpg

Бүгін Алматыдағы Әл-Фараби даңғылында болған адам өліміне әкелген жол апаты бойынша сот отырысында қаза тапқан қыздың анасы куәлік берді, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Анасының айтуынша, апат болатын күні қызы өз көлігімен такси қызметін атқарып жүрген. Ол үйге аз уақытқа келіп, тамақтанып кеткен.

«Оған тамақ бердім. Сол күні несиесінің төлемін жасауы керек еді. Қалған соманы табу үшін тағы жұмыс істеп келетінін айтты. Тамақтанып болған соң, ақшаны тауып, қайта оралатынын айтып кетіп қалды»,– деді жәбірленуші.

Кешкі сағат 23:00 шамасында анасы алаңдап, қызына бейнеқоңырау шалған. Сол кезде қыздың көлігінде жолаушылар болған.

«Ол қарны ашқанын айтты. Жолаушыларды жеткізіп тастап, тамақтанып алып, үйге қайтатынын айтты»,– деп еске алды анасы.

Қызының Mercedes көлігіне қалай отырғанын анасы түсіндірмеді. Оның айтуынша, өзі ұйықтап қалған, ал келесі күні таңғы сағат 09:00-де қызының көз жұмғаны туралы хабар жеткен.

«Қызымның мәйітханада жатқанына сенбедім. Оны комада шығар деп ойладым»,– деді әйел көзіне жас алып.

Жәбірленуші сотталушыдан ештеңе талап етпейтінін айтып, қызының өмірін ешкім қайтара алмайтынын жеткізді.

Сот барысында қорғаушы тарап жәбірленушінің жазбаша өтінішін де ұсынды. Онда оның айыпталушымен толық татуласқаны, сотталушының кінәсін толық мойындап, шын жүректен өкінгені және кешірім сұрағаны айтылған. Осыған байланысты жәбірленуші оған шартты жаза тағайындауды сұрады. Сондай-ақ адвокат қызметінен бас тартқанын мәлімдеді.

Еске сала кетейік, бүгін сотта Mercedes көлігіндегі жолаушы ретінде қаза тапқан ер адамның туыстары да сөз сөйледі. Олар да сотталушымен татуласқанын айтып, оны бас бостандығынан айырмауды немесе шартты жаза тағайындауды өтінді.

Айта кетейік, 28 мамыр күні Zeekr көлігінің жүргізушісі сот алдына келіп, қаза болғандардың отбасыларына көңіл айтып, өзін ешқашан кешіре алмайтынын мәлімдеген еді.

Сотталушы Александр Пак өзіне тағылған айыпты толық мойындайтынын айтқан. Ол Қылмыстық кодекстің 345-1-бабының 4-бөлігі «Алкогольдік масаң күйде жол жүрісі қағидаларын бұзу, абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соғу» бойынша айыпталып отыр.

评论