Ресей «Сармат» зымыранын сынақтан өткізді

196
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/iY6jSYNkIqoTt39cTSqG9clqx1xti4R50hUZTMGq.png

Ресей «Сармат» құрлықаралық баллистикалық зымыранын сынақтан сәтті өткізді. Бұл туралы елдің стратегиялық мақсаттағы зымыран әскерлерінің қолбасшысы Сергей Каракаевайтты, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Ол президент Владимир Путин алдында жасаған баяндамасында «Сармат» негізгі сипаттамалары бойынша өзінің алдындағы «Воевода» зымыран кешенінен асып түсетінін мәлімдеді. Атап айтқанда, ұшу қашықтығы, жүк көтергіштігі және зымыранға қарсы қорғаныс жүйелерін еңсеру мүмкіндігі жоғары.

Сондай-ақ Каракаев «Сармат» құрлықаралық баллистикалық зымыранына арналған ұшыру қондырғылары стратегиялық ядролық күштердің әлеуетін едәуір арттыратынын жеткізді. Одан бөлек, «Сармат» кешенімен қаруланған алғашқы зымыран полкі 2026 жылдың соңына дейін жауынгерлік кезекшілікке қойылатыны айтылды.

Әзірге батыстың тәуелсіз дереккөздері ресейлік зымыранның ұшырылуына қатысты пікір білдірген жоқ. Сондай-ақ оның ұшу траекториясы да белгісіз күйінде қалып отыр.

Айта кетейік, бұл — жаңа ауыр баллистикалық зымыранның екінші сәтті сынағы. Алғашқы ұшырылым 2022 жылы өткен болатын. 2024 жылы Плесецк ғарыш айлағы аумағында зымыранды ұшыру әрекеті кезінде апат болып, ұшыру шахтасы қираған еді.

Жарияланған сипаттамаларға сүйенсек, «Сармат» — әлемдегі ең ірі құрлықаралық баллистикалық зымырандардың бірі. CSIS жанындағы Missilethreat жобасының бағалауынша, зымыранның пайдалы жүк салмағы 10 тоннаға жетеді.

评论