Фото: gov.kz
1 мамыр – Қазақстан халықтарының бірлігі күні. Бұл күні Қазақстанда тұратын түрлі ұлт пен ұлыс өкілдерінің достығы, өзара түсіністігі мен ынтымағы кеңінен насихатталады.
Аталған мереке 1996 жылдан бастап ресми түрде тойланып келеді. Оның негізінде қоғамдағы тұрақтылық пен келісімді нығайту идеясы жатыр. Қазақстан – мәдениеттері, тілдері мен дәстүрлері сан алуан халықтардың ортақ шаңырағы. Сондықтан бұл күн елдегі бірлік пен татулықтың символына айналған.
1995 жылдың наурызында құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясы ұлтаралық келісімді қамтамасыз ететін бірегей институт ретінде танылды. Бұл құрылым әлемдік тәжірибеде баламасы сирек кездесетін, саяси маңызы зор ұйым саналады. Бүгінде Ассамблея құрамында жүздеген мүше мен мыңдаған этномәдени бірлестіктер жұмыс істеп, қоғамдағы келісім мен тұрақтылықты нығайтуға үлес қосып келеді.
Қазақстанда әрбір этностың өз мәдениетін, тілін және салт-дәстүрін сақтап, дамытуына барлық жағдай жасалған. Бұл – елдегі ішкі саяси тұрақтылық пен азаматтық келісімнің маңызды факторы. Қазақстан халқының бірлігі күнін жаңа тұрпатта тойлау қажеттігін, оны еліміздің басты мейрамына айналдыру идеясын экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев 2011 жылы көтерген болатын.
