Қазақстан Таяу Шығысқа қатысты келіссөздерді Түркістанда өткізуді ұсынды

Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/sYsbgqYCkUjlhP4ZXdcuwosEBSPR8149nU6TSdRB.jpg

Қатар Мемлекетіне ресми сапары аясында Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев Қатар Мемлекетінің Премьер-Министрі – Сыртқы істер министрі шейх Мұхаммед бен Абдулрахман Әл Танимен келіссөздер жүргізді.

Кездесу барысында тараптар қазақ-қатар стратегиялық серіктестігінің қазіргі жай-күйі мен даму перспективаларын талқылап, саяси диалогтың одан әрі нығайтылуы, сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықтың кеңейтілуі, сондай-ақ мәдени-гуманитарлық байланыстардың тереңдетілуіне ерекше назар аударды.

Жоғары және биік деңгейлердегі белсенді саяси диалог екіжақты қатынастарды ілгерілету мен қол жеткізілген уағдаластықтарды дәйекті іске асыруда маңызды рөл атқаратыны аталып өтті.

Инвестициялық ынтымақтастық мәселелеріне ерекше көңіл бөлінді. Тараптар энергетика, телекоммуникациялар, цифрлық технологиялар, ауыл шаруашылығы, көлік-логистика және өзара қызығушылық тудыратын өзге де басым салалардағы бірлескен жобалардың уақтылы әрі сапалы іске асырылуының маңыздылығын атап өтті.

«Қатар Қазақстанның араб әлеміндегі жақын да сенімді әріптесі болып табылады. Біз қалыптасқан саяси диалог деңгейін, өзара сенім ахуалын және екіжақты қатынастардың стратегиялық сипатын жоғары бағалаймыз», – деп атап өтті Е.Көшербаев.

Өз кезегінде, шейх Мұхаммед бен Абдулрахман Әл Тани Қазақстан мен Қатар арасындағы қатынастардың даму қарқынын жоғары бағалап, Доханың стратегиялық серіктестікті одан әрі нығайтуға және екіжақты ынтымақтастықтың негізгі бағыттары бойынша бірлескен бастамаларды ілгерілетуге деген бейілділігін растады.

Мәдени-гуманитарлық ынтымақтастыққа да ерекше назар аударылды. Ағымдағы жылдың ақпан айында Қатарда өткен Қазақстанның мәдениеті күндері екі ел халықтары арасындағы түсіністікті нығайтуға және олардың өзара жақындасуына маңызды үлес қосқаны қанағаттанушылықпен аталып өтті.

Келіссөздер барысында тараптар туристік ағындардың өскенін атап өтіп, Қазақстан мен Қатар арасындағы тікелей әуе қатынасын одан әрі дамыту маңыздылығына тоқталды.

Халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша, ең алдымен Таяу Шығыстағы ағымдағы жағдай контексінде мазмұнды пікір алмасу өтті. Е.Көшербаев Қазақстанның барлық қақтығыстарды халықаралық құқық қағидаттары мен БҰҰ Жарғысы негізінде тек саяси-дипломатиялық жолмен реттеу жөніндегі ұстанымының өзгермейтінін атап өтті.

Осы тұрғыда Министр өңірде бейбітшілік пен тұрақтылықты қалпына келтіруге бағытталған бейбіт диалогты ілгерілету жөніндегі Катар басшылығының күш-жігерін Қазақстан тарапы құптайтынын атап өтті. Сондай-ақ Қазақстанның Түркістан қаласында бейбіт келіссөздер өткізу үшін алаң ұсынуға дайын екеніне назар аударды.

Сұхбаттастар БҰҰ, ИЫҰ және АӨСШК сияқты халықаралық және өңірлік ұйымдар шеңберіндегі өзара іс-қимылды одан әрі үйлестірудің маңыздылығын атап өтіп, жаһандық және өңірлік күн тәртібінің негізгі мәселелері бойынша ұстанымдарының жақындығын растады.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар қазақ-қатар көпқырлы ынтымақтастығын одан әрі нығайтуға, бірлескен жобаларды іске асыруға және екіжақты қатынастарға жаңа серпін беруге деген өзара мүдделілікті растады.

Айта кетсек, наурыз айында Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан облысының жұртшылығымен кездесу барысында Таяу Шығыстағы қақтығысқа қатысты мәлімдеме жасап, келіссөздерге шақыру жасаған еді.

Мемлекет басшысының айтуынша, соңғы жылдары әлемдегі геосаяси ахуал күрделеніп, түрлі аймақтарда қарулы қақтығыстар мен соғыстар көбейген. Бұл жағдай жаһандық экономикаға кері әсерін тигізіп отыр.

"Соғыс әбден шиеленісіп кетті. Меніңше, бұл қақтығыста ешбір мемлекет түпкілікті пайдаға қол жеткізе алмайды", — деді Мемлекет басшысы.

评论