Психология саласын реттейтін заң қабылдау кенеттен туған бастама емес. Психолог Анна Құдиярованың айтуынша, бұл – ширек ғасыр бұрын көтерілген мәселенің заңды жалғасы. Осы уақыт ішінде сала кеңейді, мамандар көбейді, бірақ сапа мен жауапкершілік мәселесі күн тәртібіне шықты.
Сарапшы жаңа заң ең алдымен кәсіби стандарттарды айқындап, псевдопсихологтардан арылуға жол ашуы тиіс дейді. Алайда мамандарды қоғамдағы күмән мен депутаттар тарапынан айтылған пікірлер алаңдатады. Сондықтан олар заң міндеттермен қатар құқығымыз да қатар қамтылған әділ құжат болуы тиіс дейді.
– Психологтардың жұмысын заң аясында жүйелеу туралы бастаманы көтеруге не түрткі болды?
– Бұрын, шамамен 25 жыл бұрын, біз осы мәселені көтерген едік: психолог мамандығы қажет деп, әр мектепке психолог берілуі керек деген ұсыныс айттық. Соның нәтижесінде, шамасы 2007 жылы заң қабылданып, мектептерде психолог қызметі пайда болды.
Бірақ сонымен қатар кейбіреулер, тіпті депутаттардың өзі «құдай сақтасын, психологқа барудан» деген сияқты пікір айтқанын да естіп отырмыз. Бұл таңғаларлық жағдай. Өйткені дәл сол заңды кезінде депутаттар қабылдады ғой. Әр мектепте психолог болсын деген шешімді қолдады. Ал қазір психологқа барудан қорқатындай сөз айтуы түсініксіз. Негізінде олардың өз балалары мен немерелері де мектептегі психологтың көмегіне жүгінуі мүмкін.
Осы 25 жылдың ішінде психолог қызметі кеңінен тарады. Қазір мектептерде де, жеке клиникаларда да, түрлі ұйымдарда да психологтар бар. Жеке кәсіпкер ретінде жұмыс істейтін психологтар да көбейді. Енді осы саланы реттеу қажеттілігі туындап отыр. Сондықтан бұл бағытта арнайы заң керек. Біз мемлекет болғандықтан, әрбір сала заңмен реттелуі тиіс.
– Психологиялық қызмет түрлерін заңдық тұрғыда айқындағанда, ең басты не ескерілуі тіис?
– Психолог қандай қызмет атқарады, оған қандай талаптар қойылады – осының бәрін жан-жақты ойластырып, нақтылап алу керек. Одан кейін бұл саладағы мамандарды бақылау мәселесі де маңызды.
Өйткені қазір психологтар көбейіп кетті дейді. Бір жағынан бұл жақсы, бірақ олардың бәрінің деңгейі бірдей емес. Кейбірі шын мәнінде білікті маман болса, енді біреулері тек сыртқы көрініс үшін ғана «психолог» атанып жүргендей әсер қалдырады. Сондықтан бұл салада сапаны көтеру керек.
Мен дұрыс түсінсем, барлығы тіпті депутаттарға дейін «психологтарға» қарсы. Өйткені депутаттардың аузынан «психологқа барудан құдай сақтасын» дегенді еститін күнге жеттік. Бес саусақ бірдей емес, бірақ неге барлығына бірдей қара күйе жағып отыр. Осы сөзі арқылы аты бар, заты бар психологтарды кемсітіп қойған жоқ па?! Эмоцияға берілетін болса, қазір көптеген психологтардың наразылығын туғызып отыр. Заң жобасы жақсы шығар, бірақ депуттардың мәлімдемесі, мықты мамандардың саладан кетіп қалуына да себеп мүмкін.
Заң жобасының өзі еш жерде жарияланбады, бірнеше ай жоба мәтінін қазақ тілінде болсын, орыс тілінде болсын іздеп, әзер таптық. Енді таптық-ау дегенде оны өзгертіп қойғанын естідік.
Жалпы, заң жобасы дайын болуы мүмкін, бірақ оны сапалы талқылау маңызды. Бізге нақты, қорғайтын, жұмыс істейтін заң керек. Психологтардың өзі де бұл үдеріске дайын.
Сонымен қатар психологтардың түрлері де әртүрлі екенін ескеру қажет: психолог-консультант бар, мектеп психологы бар, психолог-психотерапевт бар, психоаналитик бар, балалар психологы бар. Яғни бұл сала біркелкі емес, әр бағыттың өз ерекшелігі бар. Сондықтан заң да осы айырмашылықтарды ескеріп қабылдануы тиіс.
Қазіргі таңда медициналық емес психотерапевтер бар. Біз психоаналитик ретінде өзімізді психотерапевт деп атаймыз, шын мәнінде біз де адам жанын емдемейміз. Бір-екі сағаттық консультация берумен шектелмейміз. Мысалы, менде 3 жылдан бастап 15 жылға дейін жұмыс істеп келе жатқан клиенттер бар. Яғни бұл – ұзақ мерзімді жұмыс.
Ал кейбіреулер психологиялық көмекті тек бір-екі сағаттық кеңеспен шектеп қояды. Енді заңда осының бәрі нақты жазыла ма, анық көрсетіле ме – мәселе осында. Егер заңда нақты айқындалса, бұл өте маңызды.
Жалпы, психологтарды заңмен реттеу – дұрыс қадам. Өйткені бұл мамандыққа талаптар қойылады, қызметі анықталады, кәсіби деңгейі көтеріледі. Психолог дегеніміз – кәсіби субъект, заң аясында жұмыс істейтін маман. Егер заң қабылданып, барлық мамандықтардың нақты анықтамасы берілсе, бұл психологиялық көмекті жүйелеуге үлкен мүмкіндік береді.
– Ал бақылау мәселесіне келсек, нақты тетіктер қарастырылған ба?
– Мысалы, психоанализ саласында маман болу үшін кемінде 600 сағат оқу, 250 сағат жеке психоанализден өту керек. Осындай талаптар бар. Біз өз студенттерімізге осындай толық дайындықтан өтпейінше, «психоаналитик» деп жазылуға да, кабинет ашуға да, әлеуметтік желіде өзін солай таныстыруға да рұқсат бермейміз.
Ал бізде еш жерде оқымаған адамдар өздерін «психолог», «психоаналитик» деп жариялап жүр. Бұл – үлкен мәселе. Сондықтан заң қабылданса, ең алдымен осы атауларды реттеу керек. Яғни «психолог», «психоаналитик» деген атауды кез келген адам қолдана алмайтындай талап енгізілуі тиіс. Сонда ғана бұл сала тазарып, кәсіби мамандардың еңбегі қорғалады.
Сондықтан бұл мәселені шешу үшін псевдопсихологтарды анықтап, нақты іріктеу үшін лицензия, бақылау керек. Бұл жерде тек қана реестрге тіркеу жеткіліксіз. Әрине, реестр болуы тиіс, яғни мамандарды тіркейтін жүйе керек. Бірақ жемқорлық мәселесін ешкім жоққа шығара алмайды ғой. Осы дүниелердің алдын алу үшін тек реестрге тіркеліп қана қоймай оны бақылау тетіктерін де енгізген дұрыс.
Лицензияны сақтау үшін де белгілі бір талаптар болуы керек. Мысалы, жыл ішінде қанша сағат оқу өтті, қандай курстардан өтті – соның бәрі нақты есеп ретінде тіркеліп, тексеріліп тұруы қажет.
Психоанализ институты немесе психоаналитиктердің кәсіби қауымдастықтары міндетті түрде уәкілетті органның реестріне тіркелуі керек. Егер біз осының бәрін дәлелдеп, жүйелесек, онда Қазақстанда психоанализ институтында оқыған, сертификаты бар мамандардың сапасына сенім артуға болады.
Бірақ қазір түрлі курстар көп, ал олардың сапасы әртүрлі. Сондықтан әр курстың деңгейін де ажырата алатын нақты талаптар мен өлшемдер болуы қажет.
– Мұндай талаптардың нарықтағы бағаға әсер етері даусыз. Қазірдің өзінде халықта психологиялық көмекке жүгіну мәдениеті толық қалыптаспаған. Осындай заңдастыру бұл қызметті одан әрі қолжетімсіз етіп жібермей ме?
– Бұл жерде сізге тағы иә және жоқ деп жауап берсем болады. Себебі бірінші кезекте: егер үкімет мені психолог ретінде мойындаса, онда халық та мені мойындайды. Яғни заң болса, адамдар «психологқа баруға болады екен» деп қабылдай бастайды. Бұл – жалпы алғанда позитив үрдіс.
Ал нарықтық экономика өз ретімен бәрін теңестіріп отырады. Иә, сертификатқа төлеу керек, супервизияға төлеу керек, 10-15 жыл оқу керек – мұның бәрі шығын. Әр психолог, әр психоаналитик өз қызметінің бағасын көтергісі келеді.
Бірақ нарықтың өз заңы бар. Мысалы, мен бір сессиямды 1000 доллар деп қойсам, маған ешкім келмейді. Сондықтан бағаны да, сұранысты да нарықтың өзі реттеп, тепе-теңдікке келтіреді.
Одан бөлек, әр қауымдастықта әлеуметтік тұрғыдан осал топтарға – мүмкіндігі шектеулі адамдарға, жалғызбасты әйелдерге арналған жеңілдіктер мен арнайы акциялар қарастырылған.
Мысалы, жақында бізге зорлық-зомбылықтың құрбаны болған 11 жастағы қыз келді. Сол қызға да, анасына да менің бір шәкіртім, тәжірибеден өтіп жүрген маман тегін психологиялық көмек көрсетіп жатыр. Сондықтан бәрі бірден қымбаттайда дегенге өз басым онша сенбеймін, өйткені нарық өзі реттейді бағаны.
– Жалпы «ретравматизация» деген не, мұндай жағдайда толық жауапкершілік психологқа жүктелуі дұрыс па?
– Негізінде психологтың психикасы, жаны сау болуы үшін өзінің ішкі дүниесімен жұмыс істеуі. Сол үшін біз, мысалы, 600 сағат жеке психоанализден өтуді талап етеміз.
Өзі 5-6 жыл психоанализден өтіп, ішкі кемшіліктерін анықтап, соны емдеп шыққан адам ғана ертең басқаға сапалы көмек көрсете алады. Мысалы, етігі жоқ етікші болмайды ғой.
Адамның ішкі дүниесі реттелсе, ол жақсы келін болады, жақсы жар болады, мейірімді ана болады. Балаларын қорқытпайды, ұрмайды. Мысалы, «бес баламды ұрып жүрмін» деп жылап келген адамдар бар. Осындай жағдайда психолог көмектесе алады. Неге? Себебі ол өзі де осы жолдан өткен, қандай кезеңдер болатынын түсінеді.
Ал ретравматизация тек психологияда емес, медицинада да болады. Мысалы, адам операциядан кейін күйзеліске түседі, қорқыныш пайда болады, ұйықтай алмайды. Бұл да – травма. Яғни емдеу арқылы пайда болған психологиялық жарақат. Қазақша айтқанда, бұл – «емдеу салдарынан туған күйзеліс».
Сондықтан мұндай мәселелерді міндетті түрде ескеру керек. Біздің жұмысымыздың мәні де осында. Мысалы, клиент келіп, «күйеуім жаман», «енем жаман» деп бәрін кінәлап айтады. Біз оны тыңдаймыз. Бірақ кейін конфронтация жасаймыз, сұрақ қоямыз: «Сіз өзіңіз ол жағдайда қалай әрекет еттіңіз?», «Сіздің тәрбиеңіз қандай болды?» деп.
Яғни тек жұбатып, «сен жақсысың» деп қоя салмаймыз. Керісінше, адамның өзіне жауапкершілік жүктейміз. Сол кезде кейбір клиенттер тіпті қашып кетеді.
Мына депутаттардың өзі психоаналиктің көмегіне жүгінбегендіктен, адамдардың бәрін ажырастырып жатыр деген жаңсақ түсінікте отыр. Бұл бізге жабылған жала деп есептеймін.
Мен өзім кішкене статистика жүргіздім өз қызметімнің аясында ғана: сонда соңғы бір жылда ажырасудың алдында тұрған отбасылардың 90 пайызының отбасын сақтап қалуына ықпал еттік. Қалған 10-15 пайызы жеке факторларының себебінен өзгеше шешім шығарады. Асхат мырза өзі келіп клиенттеріміздің арасынан жасырын сауалнама өткізсе, өзі де психолонияның жағымды әсеріне өзі де куә болар ма еді деп ойлаймын.
– Заңда психологтың міндеттері басым, құқықтары толыққанды қамтылмаған дейді әріптестеріңіз. Сіздің көзқарасыңыз қандай?
– Бізде психикалық ауытқулармен жұмыс істейтін жағдайлар да бар. Кейбір адамдар психиатрға бармайды, бірақ солармен біз жұмыс істейміз. Оның ішінде диагностика бар: невроз, психоз, шекаралық (пограничный) күйлер бар.
Мысалы, шекаралық күйдегі адам ашулы болады, агрессиясы болуы мүмкін. Ол тек бір адамға емес – үкіметке де қарсы, қоғамға да қарсы, тағдырға да қарсы, тіпті өз жақындарына да қарсы болады. Осындай күрделі жағдайлармен жұмыс істеу оңай емес.
Сондықтан ертең сондай адамға ұнамайтын бір сөз айттың ба болды, сені кінәлап жазуы мүмкін. Қазір мені алаңдататыны – депутаттар қабылдап отырған заң нәтижесінде кейде клиентке қойған ұнамсыз сұрақтары үшін психологты сотқа жетектеуі мүмкін. Сондықтан алдағы уақытта мұндай істердің көбейетін түрі бар. Заңгерлер де, мамандар да мұны түсінуі керек – бұл белгілі бір деңгейде заңды құбылыс. Себебі әрбір клиент психологтың жұмысына белгілі бір кезеңде наразылық білдіруі мүмкін.
Қазақша айтсақ, соққыны өзімізге аламыз. Бұл да соған ұқсайды. Кейде адам 20-25 жыл бойы жиналған ренішін – ата-анасына деген, өміріне деген наразылығын – терапия кезінде шығара бастайды. Сол кезде бұл ашу-ыза маманға бағытталуы мүмкін.
Психологияда мұны «тасымал» (перенос) дейді. Яғни клиент ішкі сезімдерін терапевтке көшіреді. Бір жағынан, ол маманды жек көріп тұрғандай көрінеді. Бірақ сонымен қатар, өзінің ішкі мәселелерін шешуге, қарым-қатынастарын реттеуге тырысады.
Ал психолог сол кезде кәсіби шекарасын сақтап, клиенттен ақы ала отырып, оның ауыр сөздері мен жағымсыз эмоцияларына төтеп беруі керек. Бұл – маманның жұмысының бір бөлігі.
Осы жерде тағы бір сұрақ туындайды. Неге заңда бізге зиян келтіретін жайттар қамтылмаған? Менің ютуб арнамда немесе әлеуметтік желі парақшаларында маған түрлі балағат сөздер жазады, кейбірі оны менің кабинетімде де айтады. Неге бұл заң мені осындай дүниелерден қорғамайды? Әрине, бізде құпиялылық сақталуы қажет, мен мұны тек өз супервизиямда айтып талқылап, өз жарамды емдеп шығамын. Дегенмен заңда осы дүниелер де ескерілуі тиіс.
– Әңгімеңізге рақмет!
