Алматыда сарбазға күш қолданып, оны демалыс уақытында заңсыз жұмысқа тартқан офицерге қатысты үкім шықты, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Іс Алматы гарнизонының әскери соты қарауында болды. Сот мәліметінше, офицер қол астындағы сарбазға физикалық күш көрсетіп, демалыс уақытында жұмысқа мәжбүрлеген. Осылайша, ол қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланған.
Айыпталушыға Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 451-бабы 1-бөлігі (билікті немесе қызметтік өкілеттігін асыра пайдалану) бойынша айып тағылды. Мемлекеттік айыптаушы оны 3 жылға бостандығын шектеуді сұраса, қорғаушы 1 жыл 6 ай мерзімге жеңіл жаза тағайындауды өтінді.
Сотталушы өз кінәсін толық мойындап, жәбірленушіге келтірілген материалдық және моральдық шығынды өтеуге дайын екенін жеткізді. Ал жәбірленуші соттан барынша қатаң жаза қолдануды талап етті.
Сот шешімімен офицер кінәлі деп танылып, 2 жылға бостандығын шектеу жазасына кесілді. Сонымен қатар ол «аға лейтенант» әскери шенінен айырылды. Енді ол жәбірленушіге келтірілген шығынды толық өтеуге міндеттелді.
