Ұлттық ұланда жаңа Конституция жобасы таныстырылды

Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/EEIpmFtIf1HaFSVNWkaCy3mdodWLp4L2iIkMWALI.jpg

15 наурыз күні «Әділетті және прогрессивті Қазақстанның халықтық Конституциясы үшін!» Жалпыұлттық коалициясының мүшелері Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының 5573 әскери бөлімінде кездесу өткізді. Бұл әскери бөлім қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге, маңызды мемлекеттік нысандарды күзетуге және төтенше жағдайлар кезінде қауіпсіздікті сақтауға жауап береді. Іс-шараға 1200-ден астам сарбаз бен әскери қызметші қатысты.

Кездесуге мерзімді әскери қызмет сарбаздары, сержанттар, офицерлер және бөлімнің басшылық құрамы қатысты. Іс-шара барысында жаңа Конституция жобасының негізгі қағидалары таныстырылып, оның мемлекеттік басқаруды жетілдіру, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, сондай-ақ елдің тұрақты дамуын қамтамасыз етуге бағытталған нормалары кеңінен түсіндірілді. Құжатта мемлекет пен қоғам арасындағы өзара жауапкершілік қағидалары айқындалып, басқару тиімділігін арттыру мен ұлттық құндылықтарды нығайтуға ерекше назар аударылғаны атап өтілді.

«Жаңа Конституция жобасы қоғамның әділдікке деген сұранысына жауап береді. Құжатта 11 бөлім мен 96 бап қарастырылып, мемлекет адамға қызмет етуі тиіс деген негізгі қағида бекітілген. Сонымен қатар Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Парламентті «Құрылтай» деп атау бастамасы тарихи сабақтастықты нығайтуға бағытталған. Бұл жоба халық үшін жасалған маңызды құжат», – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Дәулет Тұрлыханов.

«Конституция қабылданғаннан бері оған көптеген өзгеріс енгізілгенін атап өтті. Құжаттың көптеген баптары бірнеше рет қайта қаралғандықтан, қазіргі заман талаптарына жауап беретін Негізгі заңның жаңа редакциясын әзірлеу қажеттілігі туындаған. Жаңа жоба цифрландыруды дамыту, жасанды интеллект институттарын қалыптастыру, сондай-ақ Құрылтай мен Қазақстан халқы кеңесі сияқты жаңа институттарды енгізуді көздейді»,- деп өз пікірін, Астана қаласы мәслихатының депутаты Кендебай Адамбек білдірді. 

Кездесу барысында әскери қызметшілер де Конституциялық өзгерістердің маңызы туралы өз пікірлерін білдірді. Олар елдің тұрақты дамуы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуде заң үстемдігі мен тиімді мемлекеттік басқарудың рөлі ерекше екенін атап өтті.

«Әскер – ел тыныштығының тірегі. Біз үшін Отанға адал қызмет ету – ең үлкен міндет. Әрбір жауынгер өз борышын абыроймен атқарса, ел қауіпсіздігі де берік болады. Ал референдумға қатысу – әр азаматтың ел болашағына деген жауапкершілігі», – деп атап өтті кездесуге қатысқан әскери жауынгерлер.

Кездесу қорытындысында жаңа Конституция жобасы мемлекеттілікті нығайтуға, басқару жүйесінің тиімділігін арттыруға және азаматтардың құқықтарын қорғауға бағытталғаны атап өтілді. Бұл өзгерістер Қазақстанның тұрақты дамуына және ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге берік институционалдық негіз қалыптастырады.

评论