Иран Кипрдегі әскери базаларға соққы жасады

Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/6nybTNMX1zQS2a2n55D3ot9ufnZQo8z5OrZQFePQ.jpg

Иран Кипрдің оңтүстігіндегі британдық және америкалық әскери базаларға соққы жасады. Бұл туралы 1 наурызда Ұлыбританияның қорғаныс министрі Джон Хили мәлімдеді, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі The Independent басылымына сілтеме жасап.

«Олардың Кипрді тікелей нысанаға алмағанына сенімдіміз. Дегенмен, бұл – біздің базаларымыз, әскери қызметкерлеріміз бен бейбіт тұрғындарымыз қазіргі уақытта қауіп аймағында тұрғанын көрсетеді»,- деді министр.

Хили сондай-ақ Иран әскерінің Бахрейндегі базаға жасаған соққысы кезінде британдық әскери қызметкерлердің де атқылауға тап болғанын айтты. Оның сөзінше, шабуыл дрондар мен зымырандарды қолдану арқылы жасалған, ал база аумағында шамамен 300 әскери қызметкер болған.

«Олардың кейбірі соққы түскен жерден бірнеше жүз метр қашықтықта болған»,- деп атап өтті министр.

ISNA агенттігі Иранның Таяу Шығыстағы америкалық нысандарға соққы беру үшін алғаш рет «Фаттах-2» гипердыбыстық қанатты зымырандарын қолданғанын хабарлады.

Өз кезегінде Ислам Республикасының армия бас қолбасшысы Амир Хатами АҚШ пен Израиль тарапынан жасалған шабуылға тойтарыс беру үшін Иран қарулы күштерінің барлық түрі пайдаланылғанын мәлімдеді. Ол ирандық әскери қызметкерлердің елін қорғауға және қарсыластың барлық жоспарын бұзуға толықтай бел буғанына сенім білдірді.

Ал The Times of Israel басылымының жазуынша, 28 ақпаннан бері Израиль әскери-әуе күштері Иран аумағындағы түрлі нысандарға 1,2 мыңнан астам оқ-дәрі тастаған. ЦАХАЛ мәліметінше, соққылар Иранның жүздеген әскери нысанын, соның ішінде баллистикалық зымыран қондырғылары мен әуе қорғанысы жүйелерін жойған.

评论