Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Вашингтонда өткен Бейбітшілік кеңесінің инаугурациялық отырысында сөз сөйледі. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі жазды, деп хабарлайды "Адырна".
Саммитке қатысушыларды құттықтаған Мемлекет басшысы АҚШ президенті Дональд Трампқа осы тарихи іс-шараны ұйымдастырғаны үшін алғыс білдірді.
«Біздің Дональд Трамп атындағы Бейбітшілік институтында өтіп жатқан кездесуіміз шешуші әрі прагматикалық әрекеттер айқындаушы мәнге ие кезеңде ұйымдастырылып отыр. Негізінен, сөз шексіз конференциялар мен игі ниеттерге ғана негізделген қарарлар арқылы емес, нақты әрі мақсатты шаралар арқылы берік бейбітшілік орнату туралы болып отыр. Құрметті Президент мырза, жаһандық бейбітшілік пен тұрақтылықты ілгерілету жолындағы айқын көзқарасыңыз бен көреген ұстанымыңыз елімді Бейбітшілік кеңесіне қосылуға жігерлендірді», – деді ол.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Бейбітшілік кеңесі жаңа геосаяси ахуалға сай келіп, қолданыстағы көпжақты күш-жігерді нығайтады.
«Әлем мұндай бастамаларды әлі көрген жоқ. Шын мәнінде, бұл – бұрын-соңды болмаған қадам. Себебі “Жасампаздық арқылы бейбітшілік” атты инновациялық тұжырымдама немесе жоба ортақ күш-жігеріміздің арқасында шындыққа айналуы әбден мүмкін. Сондықтан, құрметті Президент мырза, берік бейбітшілік нақты іс-қимылдарға негізделуі тиіс деген ұстанымыңызды толық қолдаймын», – деді Мемлекет басшысы.
Еске сала кетейік, Қазақстан Президенті 19 ақпанда Вашингтонға барды. Сапар аясында ол шетелдік мемлекеттер басшыларымен және АҚШ-тың ресми тұлғаларымен бірқатар кездесулер өткізеді.
Биыл 22 қаңтарда Қасым-Жомарт Тоқаев Давоста Бейбітшілік кеңесінің жарғысына қол қою рәсіміне қатысты. Бұл кеңес Дональд Трамптың бастамасымен құрылған.
Бұған дейін Тоқаев Дональд Трамптан Газа бойынша құрылатын Бейбітшілік кеңесінің құрамына кіруге ресми шақырту алған алғашқы көшбасшылардың бірі болғаны хабарланған. Сондай-ақ Қазақстанға құрылтайшы мемлекеттердің бірі болу ұсынылған.
Вашингтонның жоспарына сәйкес, Бейбітшілік кеңесі Газадағы бейбіт дамуға қатысты міндеттемелердің орындалуын стратегиялық қадағалау, халықаралық ресурстарды жұмылдыру және бақылау жұмыстарымен айналысады.
Құрылтайшы атқарушы кеңеске (founding executive board) дипломатия, девелопмент, инфрақұрылым және экономикалық стратегия саласында тәжірибесі бар жеті жетекші кіреді. Әрбір мүше Газаны тұрақтандыру үшін аса маңызды жеке бағытқа жауап береді.
Сонымен қатар Газа атқарушы кеңесі (Gaza executive board) құрылып, сектордың жаңа үкіметінің қызметін бақыламақ. Бұл кеңеске 11 адам енеді, оның ішінде құрылтайшы атқарушы кеңестің төрт мүшесі бар.