Қазақстанда жиі айтылатын бір сөз бар: «Ауыл баласы қаланікінен артта қалады». Бұл сөзді мұғалімдер де, ата-аналар да, тіпті оқушылардың өздері де қайталайды. Бірақ шынымен солай ма? Ауыл баласы шынымен қабілетсіз бе, әлде оған жай ғана мүмкіндік аз берілген бе?
Елімізде 8 мыңға жуық мектеп жұмыс істейді. Оның 67 %-ы ауылда. Бұл мектептерде жалпы оқушылардың 40 %-ы білім алады. PISA сияқты халықаралық зерттеулер ауыл мен қала оқушылары арасында білім деңгейінің айтарлықтай алшақтығын жыл сайын көрсетіп келді. Кейбір өңірлерде бұл айырмашылық үш оқу жылына тең деп бағаланды.
Бірақ осы алшақтықтың себебіне тереңірек үңілсек, сурет мүлдем басқаша көрінеді. Мәселе — баланың қабілетінде емес. Мәселе — оны қоршаған жүйеде: мектептің материалдық базасында, мұғалімнің біліктілігінде, интернеттің қолжетімділігінде, қосымша білім алу мүмкіндіктерінде. Қаладағы оқушы бір мезгілде мектепке, курсқа, олимпиадаға, репетиторға барады. Ауылдағы бала — тек мектеппен ғана шектеледі. Нәтижедегі айырмашылық — қабілеттің емес, мүмкіндіктің айырмашылығы.
Тең жағдай жасалса, нәтиже тең болады
Бұл тек болжам емес, оны нақты деректер дәлелдеп отыр.
ҰБТ-ға дайындайтын JUZ40 білім беру орталығының 7 жылдық статистикасын алайық. Олар оқытқан 180 мың оқушының 76 635-і — ауылдан шыққан балалар, бұл жалпы санның 42 %-ына жуық. Ең маңызды көрсеткіш мынада: осы ауылдық оқушылардың ҰБТ нәтижелері мен грантқа түсу көрсеткіші қалалық құрдастарымен салыстырғанда елеулі айырмашылық көрсетпеген.
Яғни бірдей дайындық, бірдей материал, бірдей мұғалім берілгенде, ауыл баласы қала баласымен тең нәтиже көрсетеді. Бұл — «ауыл баласы артта қалады» деген қағиданы жоққа шығаратын нақты дәлел.
Білім беру саласының сарапшысы, өзі ауылда білім алған Дулат Мұратов:
«Мен ауылда өстім, ауыл мектебінде оқыдым. Қабілетім бар екенін білдім, бірақ мүмкіндіктерім шектеулі еді. Бүгін менің шәкірттерімнің арасында дәл менің сияқты ауылдан келген мыңдаған бала бар. Айырмашылығы — бүгін оларда мүмкіндік бар. Ауыл балаларының қабілеті ешқашан төмен болған жоқ, оларға тек тең жағдай керек еді», - дейді ол.
Мемлекет алшақтықты жоюға бет бұрды
Бұл мәселенің мемлекеттік деңгейде мойындалуы — маңызды қадам. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Білім келешегі: адал азамат, кәсіби маман» Республикалық тамыз конференциясында бұл тақырыпты ел алдындағы басымдық ретінде атады:
«Баланың бәрі — бірдей. Ауыл баласы мен қала баласының білім алу мүмкіндігі де бірдей болуы керек».
Соңғы жылдары 217 жаңа мектеп салынды, оның 84-і ауылда ашылды. 4 мыңнан астам мектептің материалдық-техникалық қоры жаңғыртылды. 1 000-нан астам мектептің модернизациялауы жалғасуда. Премьер-министрдің орынбасары Аида Балаева Мәжілісте «Qazaq Digital Mektebi» моделі мен «Ауыл мектебі — сапа алаңы» жобаларының іске қосылғанын хабарлады.
ҚР Оқу-ағарту министрлігінің деректері бойынша, 2024 жылы ауыл мен қала арасындағы білім сапасы алшақтығы алғаш рет қысқара бастаған. Бұл жұмыстар — іргелі және ұзақ мерзімді. Бірақ ауылдағы бүгінгі оқушыға нәтиже бүгін керек. Және дәл осы жерде тағы бір құрал өз күшін көрсетіп жатыр.
Онлайн білім — тең мүмкіндіктің жылдам жолы
Мектеп салу, мұғалім дайындау, зертхана жабдықтау — барлығы жылдар алады. Ал онлайн білім беру форматы бұрын тек қалаға тән болған мүмкіндіктерді бүгін-ақ ауылға әкелді.
Қашықтан қосымша курстар, бейнесабақтар, электрондық кітаптар, тест жүйелері — бұлардың барлығы ауыл баласына бұрын қолжетімсіз болған білім кеңістігін ашып отыр. Оқушы өзінің әлсіз тақырыптарын анықтап, жетілдіріп, ҰБТ-ға жүйелі дайындала алады. Бірақ ең маңыздысы — бәсеке ортасы. Бұрын ауыл баласы тек өз мектебіндегі 15-20 оқушымен ғана салыстырылатын. Енді ол бүкіл елмен бәсекелесе алады.
Осының бір мысалы — жақында 9-10 сынып оқушыларына арналып басталған JUZ40 онлайн олимпиадасы. Оған 15 мыңға жуық оқушы қатысуда — ауылдан да, қаладан да тең дәрежеде. Бір ғана интернет байланысы арқылы Қызылорда облысының шалғай ауылындағы оқушы Алматыдағы құрдасымен бірдей тапсырма орындап, бірдей шарттарда бәсекелесіп отыр. Бұрын бұл мүмкін болмаған жағдай бүгін күнделікті шындыққа айналуда.
Мүмкіндік бар, бірақ жеткілікті ме?
Онлайн білімнің нәтижелері көз алдында. Бірақ ол барлық мәселені шешпейді. Ауылдағы интернеттің тұрақсыздығы, оқушылардың цифрлық сауаттылығының әр деңгейде болуы, ата-аналардың онлайн форматқа деген сенімінің толық қалыптаспауы — бұлар әлі шешуді күтіп тұрған мәселелер. Бетпе-бет қарым-қатынас, зертхана, спорт залы — бұларды ешқандай экран алмастыра алмайды.
Бірақ бір нәрсе анық: ауыл баласы кем емес. Ол ешқашан кем болған жоқ. Кем болған — мүмкіндік. Мемлекет инфрақұрылымды теңестіруде, жаңа жобалар іске қосуда — бұл ұзақ, бірақ іргелі жұмыс. Ал онлайн білім дәл қазір, бүгін, осы сәтте ауыл баласына тең мүмкіндіктің есігін ашып отыр. Президент Тоқаев айтқандай, бұл алшақтық жойылмайынша — қоғамда шынайы әділеттілік орнамайды.
Ендігі міндет — осы есікті кеңірек ашу, оны тұрақты ұстау, және ең бастысы — ауыл баласына «сен кем емессің, саған тек мүмкіндік керек» деп сеніммен айта білу.