Қырғызстаннан кейін Түркіменстанда да арнайы қызмет басшысы ауысты

106
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/5VylbHE6eeXnrHwfU1VyWu6Ub3bGTHpBT868BNiG.webp

Сердар Бердімұхамедов Түркіменстанның Ұлттық қауіпсіздік министрі Назар Атагараевты басқа жұмысқа ауысуына байланысты қызметінен босатты. Тиісті шешім Мемлекеттік қауіпсіздік кеңесінің отырысында қабылданды, деп хабарлайды “Адырна” Turkmenportal-ға сілтеме жасап.

Түркіменстанның Ұлттық қауіпсіздік министрлігінің жаңа басшысы болып бұған дейін Президенттің қауіпсіздік қызметін басқарған генерал-майор Довлетгелди Мередов тағайындалды. Ол халыққа, отанға және мемлекет басшысына адал болуға ант берді.

Түркіменстанның Ұлттық қауіпсіздік министрлігі – елдегі арнайы қызметтердің басты органы, қауіпсіздік пен барлау мәселелеріне жауап береді. Ол 1991 жылы кеңестік КГБ негізінде құрылған және тікелей президентке бағынады. Оның міндеттеріне мемлекеттік қауіпсіздікті қорғау, қарсы барлау, терроризммен және басқа да қауіптермен күресу, сондай-ақ стратегиялық салаларды бақылау кіреді. 

Министрлік қызметкерлері қылмыспен күрес және қоғамдық тәртіпті қадағалау бойынша түрлі операцияларға қатысады, сондай-ақ азаматтарды ұлттық қауіпсіздікке төнетін қатерлер тұрғысынан тексереді. Бұл құрылым дәстүрлі түрде Түркіменстанның саясаты мен күштік блогында маңызды рөл атқарады.

Еске салайық, 10 ақпанда Садыр Жапаров өзінің досы әрі серіктесі Қамшыбек Тәшиевті барлық лауазымдарынан босатқан болатын. Қырғызстан президентінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, «бұл қадамның басты мақсаты – мемлекеттің бірлігін нығайту және қоғамда, соның ішінде мемлекеттік құрылымдар арасында жікке бөлінудің алдын алу». Бұл жағдай Қырғызстан президентіне мерзімінен бұрын сайлау өткізу туралы өтініш жасалған тұста болған.

Тәшиевтің отставкасынан кейін күштік құрылымдарда қайта құру басталды: оның орынбасарлары қызметінен айырылды, Шекара қызметі ҰҚК құрылымынан шығарылды, сондай-ақ тікелей президентке бағынатын жаңа Мемлекеттік күзет қызметі құрылды. Жергілікті парламенттің спикері Нұрланбек Тұрғынбек те өкілеттігін тоқтатты. Тәшиевтің жиені Нұрғазы Матисаков көлік прокуратурасының басшысы қызметінен босатылды.

评论
其他材料