Алматы облысындағы Шарын мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде сирек кездесетін тас сусары фототұзаққа түсіп қалды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Бұл туралы парк қызметкерлері хабарлады.
Мәліметке сәйкес, қызметкерлер 2026 жылғы 6 ақпанда 2025 жылы түсірілген фототұзақ кадрларымен бөліскен. Темірлік учаскесінде орнатылған құрылғы Қызыл кітапқа енген жыртқыш – тас сусарын тіркеген.
Мамандардың айтуынша, тас сусары – таулы және жартасты аймақтарды мекендейтін епті әрі сақ жыртқыш сүтқоректі. Ол негізінен түнгі уақытта белсенді болады. Жануар кеміргіштермен, ұсақ құстармен, жәндіктермен және өсімдіктердің жемістерімен қоректенеді.
Ғалымдар тас сусары табиғи тепе-теңдікті сақтауда маңызды рөл атқаратынын атап өтті. Атап айтқанда, ол зиянды кеміргіштердің санын реттеуге көмектеседі.
Мамандардың айтуынша, ұлттық парк аумағында мұндай жануарлардың болуы экожүйенің саулығын көрсететін маңызды көрсеткіштердің бірі саналады.